Экономика

Сапалы сүт өнімдерін шетелге шығаруға да мүмкіндік мол

Сапалы сүт өнімдерін шетелге шығаруға да мүмкіндік мол

Кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы Назарбаев орталығында елдің үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын іске асырудағы Үкіметтің есебін тыңдады.

Қазақстанның жаңа индустрияландыру бағдарламасының 2014 жылдың І жартыжылдығындағы нәтижелері туралы Мемлекет басшысына Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады.

Осынау іс-шара шеңберінде республика өңірлерімен онлайн режимінде жалпыұлттық телекөпір ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы жұмыс істеп тұрған кәсіпорын-зауыттардың жұмысымен танысты және өңірлердегі бірқатар жаңа нысандарды салтанатты жағдайда іске қосты.

Телекөпір аясында Мемлекет басшысына Өскемен қаласындағы Самар тасжолының бойында орналасқан сүт өнімдерін және ірімшік өндірумен айналысатын «Raimbek Vostok Agro» компаниясының жаңа зауытында жүргізіліп жатқан өнді-рісті толықтай жаңалау, жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Кәсіп-орынның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында алар орны жайында Елбасыға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ және зауыт басшысы Сейілжан Сайлаубаев баяндады.

Сейілжан Сайлаубаев өз сөзінде аймақтағы барлық кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің атынан өздеріне мемлекет тарапынан мемлекеттік бағдарламалар арқылы жасалынып отырған нақты қолдаулар үшін Елбасыға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Ол басқаратын «Шығыс-Сүт» кор-порациясының базасында құрылған аталмыш кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында ультра пастерленген сапалы сүт өнімдерін шығаруды қолға алып отыр. Дайындалған сапалы да, бағасы қолжетімді өнімдер облыстан бөлек еліміз-
дің басқа өңірлеріне, көршілес Ресейге жөнелтіледі. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге.

1995 жылдан бері тоқтап қалған сүт зауыты қалпына келтіріліп, бүгінгі таңда толықтай автоматтандырылған басқару жүйесіне көшкен. Тәулігіне 400 тоннаға дейін сүт өңдейтін және сүт өнімдерінің 60 түрін шығару мүмкіндігі бар. Екі жүз елуге тарта адам жұмыс істейді. Тіпті, зауыттың фермасында бағылатын сиырларға дейін жоғары технологиялы роботтардың көмегімен сауылады. Бұл Орталық Азиядағы бірден-бір баламасы жоқ кәсіпорын екенін атап өткен орынды. Шикізаттық сүттің біраз бөлігін облыстың сегіз ауданындағы 20 шаруашылық қамтамасыз етеді.

Ал биыл Ұлттық қордан алты пайыздық жеңілдікпен бөлінген 364 млн. теңге несиелік қаржыға сүт зауытының өндірісі кеңейтіліп, жаңғыртылуда. Жаңа жоба жүзеге асырылысымен өнім көлемі жылына 30 мың тоннаға жетіп, сүт өнімдерінің жүзден аса түрі шығарылмақ. Бұл заманауи қондырғыларының бәрін Ресейден, Италиядан, Жапониядан, Швециядан жеткізіп орнатқан, саннан гөрі сапаға баса мән берген кәсіпорынға Еуразиялық экономикалық одақтың нарығында бәсекеге қабілетті болуға жол ашпақ.

– Біз осы бағыттағы индустриялық-инновациялық ірі жобаларды іске қосқанда Ресейден, Беларусьтен келетін азық-түлік нарығын өзімізде толықтай өндіруді қамтамасыз етуді ойластыруымыз керек. Бұл тек сүтке ғана емес, ет өнімдеріне де қатысты. Жаңа Президент айтып өткендей, облыс күнбағыс майын өндіруде республикада бірінші орында, шамамен 350 мың тоннадай. Көрсеткішті егіс алқабын кеңейте отырып, еселей түсу қажет. Сонымен бірге, облысты ғана емес, республикаға, көршілес Қытайға, Моңғолияға, басқа да елдерге шығаруға жұмыс істеу қажет. Былтыр тауар айналымы бір млрд. долларды құраса, ағымдағы бес айда 400 млн. долларға жетті. Яғни, жыл сайын өсім деңгейі қалыптасып келеді. Облыс кәсіпкерлеріне «Бәйтерек» желісі арқылы екінші деңгейлі банктерден несие алуға жағдай туғызу керек. Қазіргі кезге дейін 1 млрд. 200 млн. теңгенің 21 жобасын өткіздік. Шамамен 700 млн. теңгедей қаржы алдық. Бұл – әлі аз. Бөлінген жалпы қаржының 10 пайызға жуығын алуға жұмыс істеу қажет, оған мүмкіндік жетеді өңірде, – деді облыс әкімі тілшілерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, аймақ басшысы телекөпір барысында айтылған Семей қаласында логистикалық орталық құру, кәсіпорын, зауыттарда жұмыс істеуге қажетті кадр мамандар даярлау жайына да тоқталып, бұл істе өзінің тиісті орынбасарларына нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы, мамандар қажеттілігі алдын ала зерттеліп, керекті мамандықтар ғана даярлануы тиістігі айтылды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button