Экономика

Сапалы бидай нан бағасын арзандатады

Өңірде дәнді дақыл сапасын көтеріп, егіс түсімін молайтуға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Осындай жобалардың бірін облыста қолға алған «Астана Бизнес» компаниясы алдағы уақытта дәнді дақыл саудасындағы жыл сайынғы түсімді 2,4 млрд. теңгеге жеткізіп, көрші елдерге деген экспорт көлемін арттырмақ. Бұл туралы жоба жетекшісі Фарид Абитов айтып берді.
Бүгінде бүкіл әлемге күздік және жаздық дақылдардың сапалы генетикалық материалдарын саудалап отырған Ресейдің Краснодар қаласындағы Лукьяненко атындағы дәнді дақылдар институтымен тығыз байланыс орнатқан кәсіпкер егістің әр гектарынан алынатын түсімді 79 центнерге жеткізген. Қазіргі таңда көрші елдерге краснодарлық сапалы дақылды өткізу ойда барын айтқан ол Кавказдан гөрі Қазақстанға бір табан жақын Өзбекстан үшін бұл ұсыныстың ұтымды жақтары көп екенін тілге тиек етті.
– Өзбекстан жыл сайын краснодарлық элиталы дақылдардың 5-7 мың тоннасын сатып алады, – дейді Фарид Абитов. – Глубокое ауданының Солнечное кентінде өткен «Дала күні-2019» іс-шарасында біз оларға өз мүмкіндіктерімізді паш еттік. Күздік дақыл түрлерін өсірудегі тәжірибеміздің ешкімнен кем еместігін көрсеттік. Оның үстіне өңіріміз Өзбекстанға 3,5 мың шақырымға жақын. Сондай-ақ біздің дақылдарға Түркістан, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының шаруалары да қызығушылық танытып отыр.
Осыған дейін Австриядан күздік және тритикал дақылдарын сатып алып келген отандық шаруалар биылдан бастап шетелдік дақылдан 4 есеге арзан 20 тонна тұқымды Шығыс өңірінен тапсырыс берген екен. Краснодарлық бидайдың суыққа төзімді екенін алға тартқан кәсіпкер осыған дейін күздік бидайды оңтүстік өңірлер ғана егіп келсе, бұдан былай осындай алқаптар санын еліміздің солтүстік өңірлерінде де көбейту мүмкіндігінің бар екенін атап өтті. Осылайша, күздік бидай алқаптары 4 миллион гектарға жетпек.
– Қазақстан ішінде 10 мың тоннаға дейін күздік бидай сатуға мүмкіндігіміз бар. Әзірге өңірімізде оның көлемі екі мың тоннадан аспай тұр. Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Ресейдің 9-шы федералдық округіне жыл сайын 5-7 мың тонна бидай өткізсек, оның жыл сайынғы мөлшері 20-25 мың тоннаны құрап, ақша айналымы 2 млрд. 400 млн. теңгеге жетеді. Десек те, бұл жердегі басты мәселе түскен табыста емес, егіс түсімінің ұлғаюында. Ол өз кезегінде нан бағасының да төмендеуіне әкеледі, – деп қосты Фарид Абитов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button