Экономика

Санкциялар салқыны біздің кәсіпорындарға да тиюі мүмкін

Санкциялар салқыны біздің кәсіпорындарға да тиюі мүмкін


Сәуірдің басында АҚШ-тың Ресейге салған экономикалық санкциялары 24 жеке, 14 заңды тұлғаны бизнес әріптестіктен, саудадан шеттетуге, теңгені әлсіретіп, долларды өсіріп жіберді. Бірақ қазір теңгеміз қайта тұрақтанғандай. Ұлттық банк төрағасы да еліміздегі қаржы нарығы тұрақталды деп сендіріп отыр. Оның айтуынша, рубльдің құлдырауынан кейін мың құбылған теңгеге әзірге төніп тұрған қауіп жоқ. Яғни төл ақшамыз Ресейге салынған санкцияның кесірінен алғашқы күндері ғана әлсірегені болмаса, қазір тегеуріндік танытып жатыр.

Қарапайым халық санкцияны қайтсін дегенімізбен, мәселе соның теңгені теңселтіп жатқан кері әсерінде болып тұр. АҚШ-тың доллары өсіп, теңге құнсызданбасын, құлдыраса қалтамыз қағылып, тағы да қымбатшылық жайлайды. Себебі тариф долларға байланған. Сырттан тасылатын тауарлар, дәрі-дәрмектің бағасы да доллармен бірге өседі. Ал біздің сырттан алып отырған дүниемізде есеп жоқ. Пойыздың да, ұшақтың да бағасы көтерілмесе, түспейді.

Санкцияның ішкі экономикамызға тигізер салқыны да жетіп жатыр. Әлемдік ақпараттар АҚШ Ресейді экономикалық қыспаққа алуын доғарар еместігін жарыса жеткізуде. Санкция салдарынан Ресейдегі бірқатар компаниялар Америка нарығынан қағылып, өнімдерін өткізе алмай қалған. Олардың қатарында Өскемендегі «Өскемен технологиялық жабдықтар зауытының» тұтынушысы болып отырған алюминий өндіруден әлемде екінші орын алатын «Русал» компаниясының моноқалашықтардағы зауыттарының бірі де бар. Өскемендік зауыт директорының орынбасары Валерий Шехтман әзірге «Русал» компаниясы тарапынан өздеріне ресми хабарлама жолданбағанын, әйтсе де өнімдерінің 60 пайызын Ресейдің металлургиялық, энергетикалық кәсіпорындарына сатып отырған жаңа зауыттың болашағына санкцияның салқыны тимей қалмауы мүмкін еместігін, сол себепті биылғы тендерде басқа нарықтарды іздестіруге тура келетіндігін айтады. Халі мүшкіл болып, қаржысынан айрылып жатқан компанияның енді біздің өнімді сатып алуы неғайбыл. Санкция өңіріміздегі, еліміздегі Ресейге экспортталатын тауарлар сұранысын біршама төмендетуі ықтимал.

Ал ақ үй болса Кремльге кезекті санкциялар туралы тағы да ескертіп жатыр. Егер санкция елімізге де әсер етіп, теңге тағы күрт құнсызданып кететін болса, Үкімет қарсы тұруға дайынбыз деп отыр. Қаржы тұрақтылығын сақтап қалуы тиіс ауқымды жоспар әзірлеп қойған көрінеді. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі мұндай жоспардың әзірленуі девальвация болады дегенді білдірмейді деп сендірді. Айтуынша, бұл сақтық үшін жасалып жатқан шара.
24 сәуірде KASE-тің (Қазақстан қор биржасында) сауда көрсеткіші барысында теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы төмендеп, 325,80 теңгені құрады. Өскемендегі ақша айырбастау орындарындағы айырбас бағамы бір долларға 325-326 теңгеге дейін ауытқып тұр.

Санкциялар салқыны біздің кәсіпорындарға да тиюі мүмкін

Дегенмен қаржылық, экономикалық сарапшылар баррелі 70 доллардан асып, қымбаттап жатқан мұнайымыз құтқара алмайтынын, жағдай нашарласа, елімізде доллар бағамы 370 теңгеге өсуі мүмкін екенін айтуда.

– Бізге не істеу керек? Ауқымды алып қарасақ, экономиканы әр тараптандырып, Ресеймен маталып тұрған экономикалық байланыстарды босату керек. Оның «аурулары» бізге тарамауы үшін. Әрине, Ресеймен қарым-қатынастарды үзе алмаймыз. Бұл мүмкін емес. Бізге сыртқы сауда нарықтарын кеңейту керек. Бұл қажеттілік, – дейді экономист-сарапшы Жарас Ахметов.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сараптамалық орталығының сарапшысы Мерей Исабековтің сөзінше, АҚШ пен Ресей арасындағы жағдай сценарийі жағымсыз болса, Ресейдегі доллар бағамы бастапқыда 68 рубльге (350 теңгеден аса), мұнан кейін 71 рубльге (370 теңгеден аса) көтерілуі мүмкін. Өз кезегінде мұндай жағымсыз жағдай теңгені әлсіретіп, доллар бағамы 340-370 теңгеге жетуі мүмкін.

ЕТ ҚЫМБАТТАП, ҚАРАҚҰМЫҚ АРЗАНДАДЫ

АҚШ доллары өссе де, түссе де қымбаттауын қоймай келе жатқан бір тамақ – ет. Облыс орталығындағы базарларда ірі қараның жұмсақ етінің келісі 2000 теңгеден сатылып жатыр.

Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша азық-түлік тауарларының арасында облыста ағымдағы жылдың наурызында ақпанмен салыстырғанда сиыр еті – 3,3%, жылқы еті – 4,4%, шошқа еті – 3,9%, қой еті – 2,8%, сиырдың бауыры – 2,4%, күріш – 1,6%, ұнтақ жармасы – 0,4%, сұлы – 2,6%, арпа – 1,7%, тары – 3,1%, жұмыртқа – 0,8%-дан, айран – 2,7%, мәйекті ірімшік – 1,5%, маргарин – 1,3%, алкогольді ішімдіктер – 1,8%, темекі өнімдері – 2,2%-ға қымбаттағаны тіркелген.

– Жаңа жылдан бері еттің келісі 200 теңгеге көтеріліп кетті. Қазір ел қой, сиыр, жылқы етінен гөрі тауық етін көп алатын болып барады, көпшілігі тауыққа көшіп кетті. Сауда баяғыдағыдай емес, – дейді Риддер қаласының шағын базарында ет саудасымен айналысып жүрген кәсіпкер Хабриға Шаипова (суретте).

Ет, айран, сүт қымбаттағанымен, қарақұмық жармасы – 3,6%, құс еті – 0,6%, тұздалған майшабақ – 1,2%, тұз – 1,7%, кетчуп 1,8% -ға арзандаған.
Жеміс-көкөніс өнімдерінен алма бағасы – 6,2%, жүзім – 2,0%, банан – 8,3%, қияр – 1,9%, қызанақ, қызылша – 2,3% өскені байқалды. Апельсин –3,2%, кептірілген бұршақ 1,4%-ға арзандапты.

Азық-түлік емес тауарлардан наурызда киім, аяқкиім – 0,5%, планшеттер – 2,8%, автомобильдер – 0,8%, отын – 2,5%-ға қымбаттаған көрінеді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Өскемен қаласы халқының қоқысты шығаруға ақы төлемі 10,4%-ға өскен. Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерге алғашқы қаралу 8,7%, медициналық зертханалардың, уқалау-сылау – 2,5%, физиотерапевтік ем 1,9%-ға қымбаттады. Көлік қызметі арасында алыс қашықтыққа қатынайтын пойыз билеті – 1,2%, авиабилеттер 0,2%-ға қымбаттаған.

Тұрмыстық қызмет көрсетуде фотосалондар қызметі – 3,5%, қоғамдық тамақтандыру – 1,6%, шаштараздар мен сұлулық салондары – 4,1%, аяқкиім жөндеу – 6,1% және тұрмыстық техниканы жөндеу шеберханалары қызметі 2,6%-ға қымбаттады.

Наурызда елімізде АИ-92 маркілі бензин литрінің бағасы 163,4 теңге болып, жыл көлемінде жанармайдың бұл түрі 14, 9 пайызға өскен. АИ-95/96 – 178,2 теңге болып 15 пайызға өскен. Жаздық дизельді отын құны 162,1 теңге болып, 23 пайызға қымбаттаған. Қарап отырсақ қымбаттамаған нәрсе қалмапты.

ҚОРДЫҢ КӨКӨНІСІН КӨБЕЙТПЕК

Күзде қаладағы, ауылдағы ел де екінші нанымыз -картоптың бағасы қыста 300-ге дейін барады екен деп елеңдескенімен, жағдай оған жеткен жоқ. Облыста картоп пен өзге де көкөністер бағасының шарықтап кетпеуіне тұрақтандыру қорының биыл да біраз септігі тиді. «Ертіс» ӘКК өкілдері осы тұрақтандыру қорының өнімдері мамырға дейін жетеді деп жатқанымен, жұрт қаладағы дүңгіршектерден арзан картоптың наурыздан бастап көрінбей кеткенін айтып жүр. Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер тұсы көктемнің көкөзек шағында арзан картоп ерте таусылып қалды ма екен әлде?

Рустам Садуақасов, «Ертіс» ӘКК инвестиция және активтерді басқару департаментінің директоры:

Санкциялар салқыны біздің кәсіпорындарға да тиюі мүмкін

– Маусымаралық уақытта көкөністер бағасы күрт көтеріліп кетпес үшін Өскемен мен Семейдегі сауда нүктелеріне күн сайын бөлініп отырған көкөністер көлемін әдеттегіден 1,5 еседей төмендетіп отырмыз. Арзан өнім аз мөлшерде болса да сатылып отырсын деп. Жыл сайын тұрғындардың арзан өнімдерге деген сұранысы артып келеді. Оның үстіне халықты көкөніспен кең ауқымда қамту үшін жаңа жылдан бастап облыс орталығында қор өнімдерін саудалап отырған 35 сауда нүктесінің саны 60-қа жеткізілді. Қордың көкөністері Согра, Аблакетка, Сол жағалау, Защита ықшам аудандарынан да ашылды. Қордың картобы да сатылып жатыр, бірақ аз өнім тез өтіп кетуде.

2017-2018 жылдарға облыстық тұрақтандыру қорына 7,5 мың тонна көкөніс сақталып, соның 4 мың 200 тоннасы Семей қаласына, 3 мың 300 тоннасы Өскеменге бөлінген болатын. Өнімдер күзден бастап 75-83 теңгеден сатылды. Соңғы екі жылдан бері Семейдің жанындағы «Агрофирма Приречное» қожалығынан сатып алынып, сол шаруашылықтың қоймасында сақталып келе жатқан қызылша, сәбіз, пияз, картоп пен қырыққабаттың сақталуы да жақсы дерліктей жағдайда. Кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы сұраныстың артуына орай келер жылы қорға салынатын көкөніс көлемін арттыра түсуді көздеп отырғандығын айтты.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button