Кәсіпкерлік

САМАРЛЫҚТАР Whats App ЧАТЫН ҚҰРДЫ

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі жол картасы шеңберінде Самар ауданының бақылау-қадағалау органдарының өкілдері биылғы қаңтар айының соңында кәсіпкерлермен өткен кездесу барысында қабылданған 14 өтініш бойынша бизнес-қоғамдастық алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Бизнес-қоғамдастықтың жергілікті атқарушы және бақылау-қадағалау органдарының өкілдерімен кездесуіне өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев пен  бизнес-омбудсмен өкілі Әлия Мұқашева, Самар ауданының прокуроры Айдос Тұрсынов қатысты.

Облыс  кәсіпкерлері палатасының басшылығы Самар ауданы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Әсем Әбілмәжінованы таныстырды, сонымен қатар «Атамекен» қызметінің бағыттары белгіленді, кәсіпкерлер кез келген уақытта палатаның көмегіне жүгіне алады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның елдегі филиалдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі – бизнестің құқықтарын мемлекеттік органдар өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен қорғау. Біз  келіп түсіп жатқан өтініштерімен күнделікті жұмыс істейміз, сонымен қатар ай сайын Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырыстарын өткіземіз, облыс прокуратурасы жанындағы сараптамалық кеңестің тоқсан сайынғы отырысына қатысамыз, жергілікті жерлердегі өкілдеріміз облыстың қалалары мен аудандарының барлық прокуратуралары жанындағы мобильді топтарға кіреді, яғни біз бизнес мәселелерін барлық жерде көтереміз және прокуратурамен, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және басқалармен бірлесе отырып бизнестің проблемаларын шешуге атсалысамыз. Кәсіпкерлерге тек құқықтық  ғана емес, сонымен қатар сервистік, ақпараттық, консультациялық, адами капиталды дамыту, жобаларды сүйемелдеу және басқа да көптеген бағыт бойынша қолдау көрсетеміз. Кәсіпкерлер біздің Самар ауданында ашылған филиалымызға хабарласса болады! – деді облыстық палата директоры Қайрат Мамырбаев.

Кездесуге қатысушылар көпшілік дауыспен Самар ауданының кәсіпкерлер палатасы филиалы жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің құрамын бекітті және жақын арада төрағаны таңдайды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер ауданның бизнес-қоғамдастығы үшін басымдыққа ие бірқатар ескі, бірақ әлі де шешілмеген мәселені көтерді: бұл ұялы байланыстың, Каспий банкі бөлімшелерінің, терминалдарының және банкоматтарының болмауы.

Жиында мемлекеттік сатып алу, мектеп асханаларын жалға алу үшін төлемді есептеу, салықтарды есептеу, жер қойнауын пайдалану, шағын және микробизнесті гранттық қаржыландыру жүйесі, алтынды заңсыз өндіру, жеке тұлғалардың банкроттығы және тағы басқа  мәселелер де айтылды. Бизнестің жүйелі проблемаларын тиісті мемлекеттік органдар өз бақылауына алды, ақпараттық сипаттағы проблемалар кәсіпкерлердің қатысуымен арнайы кездесу барысында талқыланатын болды. Самар ауданының мемлекеттік органдары тұрақты түрде кәсіпкерлермен кездесу өткізбек ниетте.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының басшылығы Самар ауданы кәсіпкерлерінің кейбір мәселелеріне баса назар аударды: бұл – ауданда Каспи банктің болмауы және жергілікті шағын бизнесті гранттық қаржыландыруға бөлінген квотаны ұлғайту мәселесі. Бүгінгі кездесуге қатысты ауданның мемлекеттік органдары өздеріне алған міндеттемелерге байыпты қарайтынын атап өткім келеді, өйткені олар жақын арада бизнес-қоғамдастық алдында есеп беруі тиіс. Сондықтан мұндай форумдарды өткізу кәсіпкерлер үшін өте маңызды», – деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева.

Кездесу нәтижесінде бизнес субъектілерінен жаңадан келіп түскен барлық мәселе кәсіпкерлердің өтініштер тізіліміне енгізілді. Сонымен қатар аудандық прокуратураның бастамасымен жедел өзара қарым-қатынас жасау мақсатында Whats App мессенджерінде Самар ауданының бизнесі мен мемлекеттік органдары үшін бірыңғай чат құрылды, онда проблемаларды  талқылауға, гранттар, субсидиялар және тағы басқа да мәселелер туралы құқықтық кеңестер мен жедел ақпарат алуға болады.

Жамал ЕРМЕН

Самар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button