Мәдениет

Самарқанның көк тасы қай күні жібиді?

Самарқанның көк тасы қай күні жібиді?Наурыз нақыштары

Біздің Ақсуатта Хамза Елубаев деген ақсақал болған еді. Ол кісінің дүниеден озғанына да біршама уақыт болып қалды.
Ол ескіше көп оқыған ғұлама молла еді. Оқу мәнері дүнгенге қатты ұқсағандықтан, кейбіреулер «дүнген молла» деп атайтын. Хамза ақсақал моллалығымен қоса асқан бағбан адам-тын. Ақсуаттың қатал табиғатының өзінде оның бақшасында жүзім мен алманы былай қойғанда, алмұртқа дейін өсіп тұрушы еді. Бұл ақсақал әр елдің салт-дәстүрлеріне де жетік еді. Мен Наурыз туралы әңгімелерді сол кісіден естіп едім.
Сол сұңғыла қарттың айтуына қарағанда, ақпан айының 23-і күні қардың астынан суыр інін тесіп шығатын көрінеді. Алты ай қыс ұйқыда жатқан аю да оянады екен. Аңызға жүгінер болсақ, дәл осы күні Самарқанның көк тасы жібиді екен. Содан бастап, бүкіл шығыс халықтарына ортақ бақор, біздіңше, көктем мерекесі басталады. Ол табаны күректей бір айға созылады. Бізге күн мен түн теңескен жиырма екінші наурыз келеді екен. Бұл айдың аты біз атап жүрген наурыз емес, көкек деп аталады. Көкек сөзінің төркіні құс көкек емес, көкішек деген мағынаны білдірсе керек. Себебі, бұл кезде малдың жеген шөбінен ішкен суы көп болып, мал көк ішек болатын көрінеді. От – арық, су – семіз уақыт. Ал наурыз дегеніміз, шығыс халықтарының бір ай тойлайтын мерекесінің аты екен.
Наурызда жабайы аңдардың төлдерінің ішінен ең бірінші болып қоянның көжегі дүниеге келеді екен. Оны «наурыз қағанақ» деп атаған. Ауа райы тым қолайсыз болғанда ол түгел қырылып қалып отырған. Ал құстар жылы жақтан енді-енді ұшып келе бастайды.
Шығыс халықтарының жыл басын 22 наурыздан бастауы – ғылыми тұрғыдан дәлелденген нәрсе. Себебі, біз жылбасы деп тойлап жүрген 1 қаңтарда табиғат атаулының бәрі жансыз, өлі дүние болса, 22 наурыздан бастап, бүкіл тіршілікке жан кіреді. Сондықтан болар, мұсылман елдерінің көбінің күнтізбесі (календарі) 22 наурыздан басталады. Мүмкін, келешекте қазақ халқы да өз үйіріне қосылар…

Мейрам Оралұлы,
журналист

Ақсуат ауылы, Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button