Кәсіпкерлік

Самар ауданында кәсіпкерлік жобалардың қатары артады

Бүгінгі күні Самар ауданының шағын кәсіпкерлік саласында  жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 938 -ге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жүз бірлікке артқан.

Бұл салада қазір  1700 дей адам еңбек етіп, табыс тауып жатыр.  Аудан жұртына 470  шағын кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетіп тұр, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Егін, мал шаруашылығымен шұғылданып жатқан 428 ұсақ және ірі қожалықтар бар. Олардың бірнешеуі дәнді және майлы дақыл өнімдерін өңдеумен айналысуда. Кәсіпкерлердің көпшілігі қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсетуде, ауданда 33 тамақтандыру нысаны жұмыс істеп тұр. 177 дүкен, екі қонақ үй, сегіз шаштараз, бірнеше техникалық қамту станциялары, пластикалық терезе, жиһаз жасау өндірістері бар.

Ауданда  жыл басынан «Іскер» бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығы несие корпорациясы арқылы  75,5 млн. теңгенің 15 өтінімі қаржыландырылып, тұрғындар мал шаруашылығы және кәсіпкерлік түрлері бойынша жаңа кәсіп көздерін ашқан. Елде іске асырылып жатқан  «Ауыл аманаты» жобасы аясында   азаматтардың табысын арттыру мақсатында бірнеше жобаға қаржы бөлініп, тұрғындардың қолайлы кәсіп түрлерімен айналысуына мүмкіндік туған.

Қай өңірді де дамытудың тиімді жолы – кәсіпкерлік. Аудан мәртебесін қайтадан алған Самардан қонақ үйлер, шағын өндірістер түрін ашып, жол бойында жатқан ауылдың, ауыл шаруашылығының  өзге де әлеуетін толық пайдалану қажет. Осы бағытта келер жылы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қаржыландырылып, жүзеге асырылатын кәсіпкерлік жобалардың қатарын әлдеқайда арттыра түсу көзделініп отыр.

 

Автор: Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button