Самар ауданына қанша көмір қажет?
Самар ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық қазірден қолға алынып, әлеуметтік нысандардың көмірге деген қажеттілігі анықталды.
Аудан әкімінің орынбасары Дамир Ордахановтың айтуынша, бүгінгі таңда аудан аумағындағы 24 білім беру нысаны болса, оның сегізі көмірмен жылытылады екен. Жалпы, аудандағы білім беру ұйымдарына қыстан қиналмай шығу үшін жиыны 1425 тонна көмір қажет болса, қалған мектептерге 65 тонна мөлшерінде дизель отыны қажет, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Бүгінде көмір тасымалдауға қатысты барлық келісімшарттар жасалып, отын жеткізу мерзімі тамыз айына белгіленді.
Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелерінің де қатты отынға сұранысы пысықталды. Алдын ала есептеулер бойынша алдағы қыста бұл нысандар шамамен 1250 тоннадай көмір жағады.
– Ауданымызда денсаулық сақтау бағытында жұмыс істейтін 21 нысан бар, – дейді Дамир Ордаханов. – Орталық аудандық аурухананың автономды қазандығы көмірмен жылтылса, үш фельдшерлік-акушерлік пункт электр қазандығына қосылған. Ал 17 медициналық пунктте пеш орнатылған. Бұдан бөлек жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты «Самар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің көмірге деген қажеттілігі белгілі болды. Ол шамамен – 300 тонна. Қажетті көмірдің 60 тоннасы былтырдан артылып қалса, қалғанын толтыру үшін келісімшарт жасалып, жеткізу мерзімі тамыз айына белгіленген.
Аудандағы төрт мыңға жуық жеке тұрғын үйді жылытуға да деген көмір қажет. Олардың қатты отынды тұтыну мөлшері – 16,9 мың тонна. Бүгінде аудан аумағында халықты көмірмен қамтамасыз ететін екі қойма ұйымдастырылған. Оның бірі Сарыбел ауылдық округіне қарасты Новостройка ауылында орналасқан. Бұл жерге көмір Бұқтырма су қоймасы арқылы жүк баржасымен жеткізіледі және бір тоннасы 18 мың теңгеден сатылады. Ал Самар ауылында орналасқан екінші қоймада өз көлігімен келген жеке тұлғаларға көмірдің бір тоннасы 25 мың тоннадан саудаланады.