Салтанат республикалық байқауда биіктен көрінді
Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ересектер мен мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» атты дәстүрлі республикалық байқау өткізген-ді.
Республиканың барлық дерлік облыстарынан 16 оқытушы қатысып, бақтарын сынаған сайыста облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының жаңашыл оқытушысы Салтанат Жұмабекова жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сайыс барысында ол өзі оқытып жүрген экономика және бюджеттік жоспарлау саласы бойынша В1 деңгейіне арналған «Бәсекеге қабілетті Қазақстан – бәсекеге қабілетті экономика» тақырыбында мультимедиалық сабақ дайындап, ұсынып, дипломмен және 150 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Сайыстың қазылар алқасының төрайымы, елімізге танымал ғалым Қ.Қадашева Салтанаттың өз ұсыным-сабағында заманауи технологияларды өте тиімді пайдаланғандығын атап көрсетті.
Осындай жауапты да, мәртебелі сайыста облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының ғана емес, бүкіл облысымыздың мерейін асырған Салтанат Жұмабекованың әлі де талай асуларды бағындырары сөзсіз.
облыстық мемлекеттік тілді оқыту
орталығының оқытушысы