Салиқалы да сауапты шара
Хасен ЗӘКӘРИЯ, КҮРШІМ
Күршімдегі аудандық спорт кешенінде бір сауапты да жауапты шара өтіп, мұның аудан жұртшылығын елең еткізген айтулы оқиғаға айналғаны рас. Осы күні кезінде волейболдан көп жылдар бойы ешкімге есе бермей, үнемі жүлделі орындардан көрініп келген күршімдік спортшылардың алдыңғы легінен бой көрсетіп, осынау тамаша ойынның нағыз шеберлері болып танылған, бүгінде ортамызда жоқ азаматтарды еске алуға арналған турнир өткізілген болатын. Бұл турнирге жасы 50-ден асқан ардагер ойыншылар шақырылған болатын.
– Бұл турнирді өткізу жайлы ұсынысты марқұмдардың жақын достары, кезінде тілеулес болған, әлі күнге дейін құрмет тұтып келе жатқан жанкүйерлері жасаған еді, – дейді осы шараның өтуіне мұрындық болып, басы-қасында жүрген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сымбат Дүйсенғазин. – Біз бұл ұсынысты құп алып, барынша мұқият әзірлік жасадық. Соның нәтижесінде бүгінгі басқосудың қалай өтіп жатқанына өздеріңіз куә болып, көзбен көріп отырсыздар.
Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні ойналып, бұдан кейін жұрт қабырғаға әдейілеп ілінген баннерде бейнеленген марқұмдардың алдында бас иіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұлардың қатарында кезіндегі белгілі волейболшылар – ағайынды Талант, Талғат Әлімғожиндар, ағайынды Намазбек, Нағымбек, Нұрлан Әлхановтар, Мұрат Есенбаев, Құрмет Қыранбаев, Құмаш Мақабаев, Ақылбек Бескенов, Сергей Морковкин, Әлібек Үтбаев, Шыңғыс Зияшев сынды азаматтар бар-тын. Түрлі себептермен арамыздан ерте кеткен аяулы арыстардың фотосуреттеріне көз салған талай жанның жүрегі сыздап, жанарына жас үйірілгені шындық.
Осы шараға арнайы шақырылып, ат арытып жеткен марқұмдардың ата-аналарына, жарларына, туған-туысқандарына сөз беріліп, олар өкініш пен сағынышқа толы ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай жандардың қатарында Өскемен қаласынан келген Болат Әлімғожин ақсақал, аудан спортының белді ардагері Байғазы Рахметолдин, Алғабас ауылының тұрғыны Қайырлы Әлханов, Нағымбектің зайыбы Шынар Әлханова, Құманның ұлы Дамир Мақабаев пен оның анасы Кенже, спорт саласына көп еңбек сіңіріп жүрген Қайрат Бақтияров, әйгілі волейболшы О.Ниетбаев және басқалары жүрек тебірентерлік естеліктер айтып, осы турнирді ұйымдастырған азаматтарға шын жүректен шыққан ризалықтарын білдірді.
Түс әлетінде аудандық мешітте марқұмдарға арнап ас беріліп, арнайы қатым түсірілді.
Турнирге Күршім, Ұлан, Катонқарағай және Зайсан аудандарынан келген бес команда атсалысты. Басқа аудандардан бір-бір командадан келген болса, Күршімнің өзінен екі бірдей команда қатысып, жақсы ойын үлгісін алға тартты. Осы күні ойын алаңында жүздескен егде спортшылардың бұл жолы да аянбай сайысып, тамаша өнер көрсеткендерін атап айта кеткен абзал. Волейболдың небір сақа шеберлері бас қосқан бұл бәсекенің аса тартысты болып өткені де шындық. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, жарыс болған соң, біреудің жеңіп, енді біреудің жеңіліс табатыны белгілі. «Жан алып, жан беріскен», өте қызу өткен ойынның қорытындысында шын жүйріктер анықталып, командалар лайықты орындарына ие болды. Ұзақты күнге созылған тамаша ойынның нәтижесінде жүлделі I орынды Марқакөлден келген ойыншылар даусыз жеңіп алып, 500 мың теңге ақшалай сыйлықты қоржынға салды. II орынға Күршім командасы ие болып, 400 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді. II1 орынды ұландықтар иеленіп, олар 200 мың теңгені қанағат тұтты. Төртінші орыннан көрінген катондықтарға 100 мың теңге сыйлық берілді. Жекелеген ойыншылар арасынан Серік Адышев «Үздік ойыншы» атанған болса, күршімдік Елтай Орынбаев «Үздік бағыттаушы» атағын жеңіп алды. Ал спорт ардагері Қайырлы Әлханов «Үздік қорғаушы» атағына лайық деп танылды. Бұлар да тиісінше ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Осы турнирді ұйымдастырушылар дүбірлі бәсекенің өз деңгейінде өтуіне демеуші болып, қолдау жасаған Әлімғожиндер мен Әлхановтар әулеттеріне, Үтбаевтар отбасына, Қуаныш пен Қайрат Қарсыбаевтарға, Асхат Есенбаев, Дамир Мақабаев, Ерлан Бескенов сынды азаматтарға шынайы алғыстарын айтып, зор денсаулық, еңбекте табыстар тіледі.