Ағымнан жарылсам

Сағыныш бекеті

Бақтыбай ақсақал күндегі әдетінше аяңдап автобекетке қарай бет алды. Әжім тартқан бет әлпетінде өмірдің салған іздері сайрап жатыр. Солғын тартқан жанары іштегі сағыныш ұшқынын аңғартады. Автобекет алдындағы орындыққа жайғасып, өткен күндерге ой жүгірткен.

Бірде қыр басындағы бәйгеде Кәукен қарт екеуі Ерқайдардың Құстұмсығы мен Желдібайдың Ақбақайына бәс тігіп, дауласып қалғаны бар.

Беу, дүние-ай! Бойдан әл кеткен соң, қолдан мал да кетті. Амал не, қалаға көшуге тура келді. Айманды қара жер қойнына бергелі біраз болса да, әлі қимай жүр. Уақыт та зымырайды екен-ау! Жанарына іркіле қалған ыстық моншақтарды ешкімге көрсеткісі келмей, қолымен көлегейлей берді. Қалаға  қоныс аударғалы  біраз болса да, үйрене алмай-ақ қойды. Балалары мен немерелері мәз, «анда-мұнда бардық» деп шуылдасып жатқаны. Несі қызық, ауыл адамдарындай емес, амандасу тұрмақ, ләм-мим демей өзіңді қағып-соғып өте шығатындарын қайтерсің. Қызығы осы ма қаланың? Әйтеуір, байыз таппай жанталасқан тіршілік. Адамдары да біртүрлі суық.

Түс ауып барады. Бүгін де ауылдан ешкім келмеген-ау.                               Кенет, таныс бейне көзіне оттай басылды. Басына ақ кепкесін киген ұзын бойлы, қара торы жігіт адымдай басып, осылай қарай бұрылды. Әй, мынау кім екен? Ауыл адамдарын танымай қалуы кемде-кем. Көзі де бұрынғыдай емес, нашарлапты. Қарттықтың жеңіп бара жатқаны ма?..

Осылай ой құшағында отырғанда: – Ассалаумағалейкүм! Ата қалыңыз қалай? – деп, бейтаныс жан құшақтай алды.

– Жетіаралдан боларсың, кімнің ұлысың?

– Ә, ақсақал танымадыңыз ба? Мен Аманның Ерболымын ғой, сізді қалай ұмытайын. Құшақтары одан ары айқаса түсті.

–Үй-іші, бала-шаға, мал-жан аман ба, қарағым?

– Иә, бәрі орынша.

– Қазір қалайсың?

– Жақсы, ауруханадан емделіп шықтым, енді ауылға қайтайын деп. Ауыл дегенде Бақтыбай қарт өз-өзін ұстай алмай, көз жасына ерік берді.

– Сабыр сақтаңыз ақсақал, ауыл-аймақ аман.

– Қайтейін қалқам, туған жерге деген сағыныш қиын екен. Амал не, көндігесің. Кәукен, Манар, Тұрарлардың халі қалай?

– Бәрі жақсы, «анда-санда ауырып қалдық» дегендері болмаса, баяғы қалпы. Асыл әжейді білесіз ғой, сол кісі дүниеден өткен.

– Е,  иманды болсын! Ешкімге залалы жоқ жан еді. Уақыт та өз дегеніне жеткен екен ғой. Тағдырға тұсау бола алмаспыз, –  деп, терең дем алып бір күрсінді.

– Алдамұраттың  көкпар тартатын тентек ұлы үйленген. Келін қалалық. Тентек ұлды тезге салды-ау деймін, қалаға көшеміз деп бәйек боп жүр.

– Түлен түртті ме, қалада несі бар? – деп, қабағын шыта түсті.

– Қайтесіз оларды, ана қарт әке-шешесі Дәуіт пен Зағираға қиын тиді. Олар көшпейміз деп зар қағып жүрген көрінеді.                                                                      – Бұрын осы тентек қашан үйленеді деп жүруші еді, енді үйленгенде көрсеткені осы болған-ау. Әй, бір кем дүние-ай!

–  Ақсақал елді  сағынған сияқтысыз, ауылға келсеңізші.

– Анау ұлдар да  әне апарамыз, міне апарамыз деп қолдары жұмыстан бір босамайтын болды.  Сені көріп, ауылдың иісін сезгендей болдым. Көңілім көтеріліп қалды ғой.

Бақтыбай қарттың жүзінде қуаныш нұры сезіле түсті.

– Ақсақал ауылға дәм тартса, келерсіз. Сәлеміңізді ауылдағыларға міндетті түрде жеткіземін. Уақыт та кеш боп барады.

– Үйге жүр қарағым. Қалада бірер күн болсаңшы. Ертең де барасың ғой ауылға, бір шер тарқатайық та.

– Рақмет ақсақал, тағы бір жол түскенде барармын бұйырса. Ертең отын шабамыз деп бір топ жігіттер жиналып жатырмыз.

– Ауылдың жайын түсінемін ғой, жолыңнан қалдырмайын. Жолың болсын қалқам.

Ербол  автобусқа жүктерін салып, артына қарап:

– Ата, сау болыңыз. Аман-есен жүріңіз. Ауылға міндетті түрде келіңіз, – деп қол бұлғап автобусқа жайғасты.

Жанары мөлтілдеп жалғыз қалған Бақтыбай қарт жылжып бара жатқан автобустан көз алар емес. Қимастық сезім бар.                                                                  Қолына таяғын алып, ақырын аяңдап үйге қарай бет алды. Көңілі бір жайланғандай.

Бірақ ауылға деген сағыныш жүрек түкпірінде сыздап тұр.

Ертең де осында келмек…

Ержан Амангелді

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button