COVID-19 

Сұлулық салондарында санитарлық талаптар сақталмаған

Облыс орталығындағы кейбір дәмханалар мен сұлулық салондарында індетке қарсы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық сақталмайды. Оған мониторингтік топ мүшелері  өткен бейсенбі күні қоғамдық орындарға тексеру жүргізген кезде көз жеткізді.

Құрамында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары, полиция қызметкерлері және БАҚ өкілдері бар топ Өскемен қаласындағы бес нысанды тексеріп шықты. Қазақстан көшесі бойындағы әмбебап универсамда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың барлығы қатаң сақталады екен. Кіріп келгеннен хлордың иісі бірден мұрынды жарды, дүкеннің аумағын дезинфекциялау кестесі де жасалған. Сатушылар бетперде мен қолғаптарын киген, қолды залалсыздандыру құралдары кіреберісте көрнекі жерде тұр. Маскасыз жүрген тұтынушылар да байқалмады. Cotton  дүкенінде де жалпы санитарлық  қауіпсіздік шаралары сақталғанымен, сатушылар жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілмепті. Келушілерге қолғапсыз қызмет көрсетіп жүр. Ең көп кемшіліктер дәмхана мен сұлулық салондарында кездесті. Дәмханада тұтынушылар кірген бойда қолдануға тиіс санитайзерлер анау жаққа, бөлменің түкпіріне қойылыпты. Оған жету үшін тұтынушы жол бойы басқа заттарды ұстап, вирус болса, таратып үлгереді. Кіріп келгенде аяқ киімді залалсыздандыруға тиіс дезкілемшелер кеуіп қалған, ал  ол үнемі ылғалды болып жатуы шарт. Сұлулық салондары да санитарлық талаптарды сақтауға құлықсыз. Әкімшілік «біз алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейміз, бізде көп кісі жиналмайды» деген  уәж айтып, ақталуға тырысты. Өз қызметкерлері де, клиенттер де маскасыз жүр, болса, иектің астында. Бұл жердің босағаларындағы дезкілемшелер де құп-құрғақ. Ғимаратты жинау, залалсыздандыру кестесі жасалмаған.

–Біз кемшіліктерді анықтағанда нысанның әкімшілігін шақырамыз, полиция қызметкерлері арнайы хаттама толтырады. Ол хаттаманы санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жолдаймыз. Қандай жаза қолдану қажеттігін солар шешеді. Осы жолы да осы алгоритммен жұмыс істедік, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова. – Бізге бір күнде неге аз нысан тексеріледі деген айып та тағылады кейде. Оның себебі – бір хаттаманы толтыру жарты сағаттан көп уақытты алады. Өйткені әкімшілік көрсетілген кемшілікпен келісе бермейді. Керісінше, дауласып, қарсы уәждерін айтып, уақытымызды сарп етеді.

Баспасөз хатшысының берген мәліметтеріне сүйенсек,

2020 жылғы 1 – 21 қазан аралығында облыс бойынша 493 рейд жүргізіліп, 6091 нысан тексерілді, оның ішінде қоғамдық көлік және көлікті дезинфекциялау пункттерінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, анықталған бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 137 айыппұл салынды. Осыған орай, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тұрғындардан қолданыстағы Санитарлық ережелер мен еліміздің және облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларының барлық талаптарын сақтауды сұрайды. Халық белгіленген шектеулерді, оның ішінде әлеуметтік қашықтықты және маска режимін сақтауы керек. Көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастырмаған және өткізбеген жөн. Нысандарда жұмыс істейтін персонал міндетті түрде сақтық шараларын сақтауы тиіс, яғни маска және медициналық, қорғаныш қолғап кию керек. Объектілерде күшейтілген дезинфекциялау режимін сақтау, нұсқаулыққа сәйкес дезинфекциялау құралдарын қолдану міндетті. Объектілерге кіреберісте антисептиктер, санитайзерлер, дезинфекциялық кілемшелер және байланыссыз термометрлер болуы тиіс.

Жеке және заңды тұлғалардың назарына! Жоғарыда көрсетілген санитарлық талаптарды сақтамау ҚР ӘҚБтК-тің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жеке тұлғалар үшін 30 АЕК немесе 83 340 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 230 АЕК немесе 638 940 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК немесе 861 180 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне  600 АЕК немесе 4 444 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button