Құс етін Ресейге экспорттап отыр

Бұл кәсіпорын 1984 жылы үйрек етін өндіру бағытындағы «Семей құс» фабрикасы деген атпен іске қосылған-ды. Қаладан 25 шақырым жердегі Утинка деп аталатын жаңа кентте бой көтерген жаңа кәсіпорын жылына үш мың тонна үйрек етін өндіруі тиіс еді. Бірақ түрлі себептермен бұл міндет орындалмай, ақыр соңында ол бройлер етін өндіруге бейімделіп, қайта құрылды. Бұл шақта кент аты да Прииртыш деп өзгертілген еді. Соған орай кәсіпорын Прииртыш бройлер құс фабрикасы атанады. Өкінішке қарай, фабрика аты өзгергенмен өндірісінде сондайлық өзгеріс байқала қоймады. Оның үстіне Одақ тарап, нарық заманында фабрика бәсекеге қабі¬летсіз болып шықты. Жиі ауысып жатқан сол тұс¬тағы басшылар да кәсіпорынды тығырықтан алып шығуда дәрменсіздік танытқандары рас.
Фабрика тізгінін 2001 жылы Бейсенғазы Тастекеев қолға алғаннан бастап «Прииртыш» бройлер құс фабрикасының өнімдері Қазақстан мен көрші Ресейдің барлық қалаларында сұранысқа ие бола бастады. Әсіресе, Краснояр, Новосибир, Кемерово, Омск, Барнаул қалалары үнемі тапсырыс береді. 2003-2004 жылдары құс фабрикасы қайта құру мен жаңғыртудан өтіп, инкубатор цехына компьютерлік бағдарлау орнатылған. Ал құс сою цехына салқындатқышы бар жартылай автоматтандырылған жүйе іске қосылды. Соның арқасында өнім екі есеге артты. 2009 жылы жаңғыртудың жаңа сатысы қолға алынып, голландиялық «Pas Reform» фирмасының жылына он миллион жұмыртқа беретін инкубациялық шкафы орнатылды. Құс сою цехы да жаңғыртуда тыс қалмаған. Бұл шаралар нәтиже беріп, өткен жылдың өнімі он екі мың тоннаға жетті. 2015 жылы бұл көрсеткішті 15000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Фабрикаға жұмыртқалар Глубокое ауданының «Племптица» ААҚ-дан жеткізіледі.
– Біз өз өндірісімізді ұлғайтып, фабриканың жанынан қосымша цехтар ашып, етті құстарды өзімізде өсіріп, жұмыртқа өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 160 гектар жер бөлініп отыр. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз, – дейді фабрика директоры Бейсенғазы Тастекеев. – Ұжымда 400 адам бар. 400 адамды жұмысқа бір кісідей жұмылдыру үлкен шаруа. Бір жылдары фабрикада жалақы жағынан қиындықтар туындады. Жұмысшыларымды шақырып алып, екі апта бойы тегін жұмыс істеу қажеттігін түсіндірдім. Осы екі аптаның ішінде біз ғимаратты жөндеп, технологиямызды шұғыл түрде жаңарттық. Осындай берекелі ұжымның арқасында кәсіпорын талай қиындықты еңсерді. Соңғы уақытта жұмыс іздеп келуші жастардың саны артты. Тіпті, қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендерден келіп орналасып жатады. Көбінің жұмыс тәжірибесі болмайды. Ондайларға көмектесіп, өз қатарымызға аламыз. Жастар ауылда да, қалада да бос жүрмеуі керек қой. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың ауылдағы шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы саласына баруына да бағытталса екен.
Кәсіпорын қызметкерлерін жұмысқа тегін әкеліп-әкететін автобус бөлінген. Жұмысшылар асханадан тегін тамақтанады. Жыл сайын 20 пайыз сыйақы төленеді. Фабрика Прииртышский ауылын да қамқорлыққа алып отыр. Тұрғындардың өтініші бойынша қатымхана, дәрігерлік амбулатория ашылған.
Бейсенғазы Мәлікұлы айтса айтқандай, мұнда еңбек адамдарына деген құрмет жоғары, мәселен, Нұрбек Махамбетов фабрикаға жай ғана жұмысшы болып кіріп, үздік құс өсірушіге дейін өскен. Жігер Советов те қарапайым жұмысшы қызметінен бастап, бүгінде жақсы ветеринар маманға айналып отыр. Мамандығы инженер Бейсенғазы Тастекеев құс шаруашылығын дамытуды басты мақсатым деп отыр. Ол бұл салаға жаңа технологияларды енгізуді жөн санайды. Айта кету керек, ол Ұлы Абайдың туысы, нақтырақ айтқанда Құнанбай мырзаның інісі Майбасардың ұрпағы.
Кәсіпорынға қанаттас салынып жатқан тағы бір нысан құрылысын аяқтаған кезде жаңадан 50 жұмыс орны ашылады. Толықтай жаңғырту және өндірістік инновация кәсіпорынның өркендеуіне ықпал еткені рас. Осының арқасында инкубация технологиясы, құс өсіру және сою жақсарды. Өнімге экспортқа шығатын мүмкіндік берілді. Өндiрiс сапасы әлемдік стандарттар деңгейiне жеткізілді. Бүгінгі күнде кәсіпорын даму көрсеткіштері жағынан еліміздегі ең озықтардың қатарына кіреді. Делдалдар да кимбинаттың өнімін саудалауға сұранып тұрады. «Food Expo Kazakhstan» халықаралық көрмесінде үш алтын медальмен және дипломдармен марапатталғаны – соның айғағы.
2006 жылдан бастап мекеме ISO 9001:2000 стандарты бойынша жұмыс атқарады. Мекеме халықаралық экология Академиясының «Экологиялық таза өнім» тізіміне енген. Өнімнің экологиялық таза болуының арқасында «Халал» стандартына ие болып отыр.
Мұнда қауiпсiз еңбек жағдайына және қызметкерлердің әлеуметтік сұранысына қатты көңіл бөлінеді. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жұмысшылар мен қызметкерлер арасында волейболдан және футболдан командалар құрылған, кәсіпорын жанында үстел теннисімен жабдықталған зал бар. Спорттық командалар әртүрлі сайыстарға қатысады. Кәсіпорыннан спорттық жабдықтарды алуға арнайы қаражат бөлінген.
Раушан Нұғманбекова
Семей.