Мәдениет

Үржарлықтар Қабанбай бабасымен қауышты

Үржарлықтар Қабанбай бабасымен қауышты


Үржар ауданының орталығында Қабанбай батырдың ескерткіші орнатылды. Мүсіннің сомдалуына өңірге белгілі меценат, осы ауданның тумасы, қазір Алматыда тұратын Құсман Шалабаев демеушілік етті. Ескерткіш Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен орайластырылып ашылды.

Оның ашылу салтанатынан кейін батыр бабамыздың рухына арналып ас берілді. Сондай-ақ, жоңғармен соғыста қазақ қолын бастаған Дарабоз жөнінде ғылыми-танымдық конференция өткізілді.

Конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Семейдің Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мұхтарбек Кәрімов, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Кенжехан Матыжанов, философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім меңгерушісі Бақытжан Сатершинов, «Өтікен» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұржан Қуантайұлы қатысты. Конференция мәнді де мазмұнды өтті.

«Қабанбай батыр және қазақ халқының тәуелсіздік аңсарлары» атты баяндамасында Кәкен Қамзин батыр бейнесін азаттық жолындағы күресімен ұштастыра білсе, жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш «Дарабоз» роман-дилогиясындағы тарихи тұлға образының сомдалуын тыңдармандарға көркем сөзбен ұғынықты етіп айшықтап берді. Жазушы Нұржан Қуантайұлы «Қабанбай батыр – өз дәуірінің саяси қайраткері» деп аталатын тақырыпта баяндама жасап, батыр бабамыздың асқан дипломат болғандығын нақты мысалдармен дәлелдеді.

Ғылыми-танымдық конференцияда қазақ қолбасшысы өмірінің елге беймәлім кезеңдері туралы көптеген қызықты мағлұматтар берілді.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button