Үржарда құс фабрикасы салынады

Үржар ауданында ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Құрылысы да қарқын алып, жуықта 27 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл жөнінде Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин брифингте мәлім етті.
– Ауданда 27 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Қарашаның аяғында пайдалануға беріледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауданымызда бірінші рет көпқабатты үй бой көтерді. Құрылыс саласына мән беріп, қаржы көзін қарастырып берген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ алғыс айтамын, – деді Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин.
Аудан әкімінің айтуынша, құрылысы қарашаның соңында аяқталатын 27 пәтерлі үй жас мамандарға, мемлекеттік қызметшілерге, мүгедектерге комиссия арқылы таратылып беріледі. Сонымен қатар, Таскескен ауылында екі пәтерлі қос тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек жекеменшік салып жатқан үйлер де бар. Өңірде жеті мектеп салынуда. Оның төртеуі биыл аяқталады деп жоспарлануда. Атап айтар болсақ, Сегізбай ауылындағы 80 орындық мектеп, Барқытбел ауылындағы 130 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ал таяуда Қызылту ауылындағы 130 орындық мектептің лентасы қиылмақ. Сондай-ақ, Қабанбай ауылындағы 320 орындық мектеп жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бақты ауылындағы мектеп құрылысы жүріп жатыр.
Жол жөндеу жұмыстары да жанданып, Мақаншы – Таскескен, Жалаңашкөл жолдары қайта жаңартылды. Бақтыдан Таскескенге дейінгі 180 шақырым жолдың 160 шақырымы жөнделді. Қалған 20 шақырымы келер жылы аяқталады. Аудандағы гидротехникалық ғимараттарды да қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Егінсу су қоймасына, Келдімұратта су тарату тоғандарына жөндеу жұмыстары жуықта аяқталады. Биыл каналдардың тозуына байланысты 21 мың гектар алқапқа суарылмайтын дәнді дақылдар себіледі.
– Ауыл шаруашылығында біршама жетістіктерге қол жеткіздік. Соңғы тоғыз айдағы ауылшаруашылық өнімі 2,9 пайызға өсті. Үлкен-үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда ауданда 92 мың бас ірі қара, 298 мың бас қой-ешкі, 26 мың 700 бас жылқы, 4 мың бастан астам шошқа өсіп жатыр. Ауданда 196 мың гектар егістік жердің 183 мың гектарына егін егілді. Орта есеппен әр гектардан 16 центнер өнім алынды. Күнбағыс жинау науқаны әлі жүріп жатыр. 82 мың гектар күнбағыстың 79 мың гектарын жинадық. Түсімі жаман емес, гектарынан бес жарым центнерден, – деді аудан әкімі.
Тамшылатып суару әдісін пайдаланатын 300 гектар алқапқа егін егіліпті. Жаңа технологияларды қолдана отырып, жаңбырлатқыштар арқылы 2600 гектар жер суарылып, жақсы нәтиже байқалған. Ал пайдаланылмай жатқан жерлері халықтан ерікті түрде қайтарып алынып жатыр. Өйткені, Үржар ауылының жанында 225 гектар жерге қуаттылығы 30 мың тонналық құс фабрикасы салынады. Жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, инвесторлар іздестірілуде. Сол инвесторларға құс азығын табу үшін 4 мың 653 гектар суармалы жер, 36 мың гектар суарылмайтын жер беруге де жоба дайындалу үстінде. Құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін 870 адам жұмыспен қамтылатын көрінеді. Құс өнімін алыс-жақын шетелдерге де экспорттау көзделуде.
Ауданда өндіріс көлемі де артты. «Мадина» ЖШС 67 мың тонна көмір өндірсе, «Швабские колбаски» ЖШС 230 тонна шұжық өндірді. Бірақ бұл былтырғымен салыстырғанда 36 тоннаға кем. Мұның басты себебі шұжық әзірлеу технологиясы өзгертілді.
Сонымен қатар, Алакөл жағалауын бекіту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп Үкімет қарауына жіберілді. Биыл көл жағасында 120 мың адам демалған. Алдағы уақытта көл жағасындағы тоғыз гектар жерге туристік кешен салу көзделуде. Аудан әкімі брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да толық жауап қайтарды.
Мерей Қайнарұлы