«Үржарайымда» мың жарымдай бала демалады

Оқу жылы аяқталып, оқушылардың жазғы демалысы басталды. Осы уақытты асыға күткен жеткіншектер енді қайда демаларын, немен айналысарын ата-аналарымен бірлесе ойластырады. Бірі демалыс лагеріне кетсе, бірі жұмысқа тұрып, табыс табуды, отбасына көмектесуді жоспарлайды.
Жас буынның жазда дұрыс демалуына, денсаулықтарын түзеуіне қандай іс-шаралар ұйымдастырылғанын білмек оймен аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісоваға жолықтық.
– «Үржарайым» сауықтыру демалыс лагері өз жұмысын 10 маусымда бастайды. Лагерьде жаз бойы 11-14 жасар 1440 бала демалады. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бір мың бала жергілікті бюджет есебінен тегін демалса, 440 оқу және спорттық олимпиада жеңімпазы ақылы жолдамамен демалады. Лагерь салауатты өмір салтына баулу, эстетикалық, азаматтық-патриоттық, ұлттық, спорттық тәрбие беру бағыттарында жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ 1-14 маусым аралығында бастауыш сынып оқушылары үшін мектеп жанында 51 лагерь жұмыс істейді, – дейді бөлім басшысы.
Мектеп жанындағы лагерьлер шығармашылық, экологиялық-туристік, әскери-патриоттық бағыттарда жұмыс істейді. Балалар мектеп мұражайларына, аудандық өлкетану мұражайына, «Батырлар аллеясына», Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбайұлы мұражайына, Таскескеннің таңбалы тастарына, ауданның тарихи орындарына бармақ.
51 мектептің учаскелерінде көгалдандыру бригадалары жұмыс істейді. Оған 5-8 сыныптардың 6040 баласы тартылады. 969 тоғызыншы сынып оқушысы құрылыс бригадаларына, 657 оныншы сынып оқушысы еңбек отрядына барады.
10-сынып оқушыларының алғашқы әскери даярлық пәнінен алған білімдерін тәжірибеде ұштастыру мақсатында әскери-далалық оқу жиындары өтті.
Маусым айында балаларды ауданнан тыс жерлерге туристік экскурсияларға жіберу жоспарлануда. Атап айтсақ, жергілікті бюджет есебінен Нұр-Сұлтан, Семей қалаларына 45 бала, Катонқарағай ауданының «Сұңқар» сауықтыру лагеріне 90 бала аттанады. Ата-ана есебінен Таңсық ауылындағы Қозы-Көрпеш – Баян сұлу мазарына, Абайдың «Жидебай – Бөрілі» музейіне, Тарбағатай тауларына 150 бала үшкүндік саяхатқа барады.
Жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар және жетім балалар санатынан Италияның Чезенатико сауықтыру лагеріне екі баланы тегін саяхатқа жіберу жоспарланып отыр.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.