Рыпакова Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы атанды

Рыпакова Шығыс Қазақстанның Құрметті азаматы атанды

Тәуелсіздік мерекесіне орай Өскемен қаласындағы Металлургтер мәдениет сарайында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен салтанатты кеш өтті. Бұл мерекелік шарада өңірімізде тұратын елге еңбегі сіңген елеулі тұлғалар марапатталды.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ салиқалы саясатының арқасында елімізде тұрақтылық пен татулық, ынтымақ пен береке күннен-күнге нығая түсуде. Бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына оң ықпалын тигізуде. Елбасының берген тапсырмалары біздің облыста өзінің шешімін тауып жатыр. Ағымдағы жылда біздің өңір экономикасының даму қарқыны 6 пайыздан төмендеген жоқ. Ең бастысы, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсара түсті. Оған дәлел ретінде аймағымызда көптеп салынып жатқан мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер, спорттық кешендер, тұрғын үйлерді, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарды және басқаларын айтуға болады. Өткен он бір айдың ішінде Өскеменде 700-ге жуық отбасы пәтер кілттеріне ие болса, жыл соңына дейін мұнда 270 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Осының бәрі өңір экономикасының дамып, Президент тапсырмасының жергілікті жерде тиянақты іске асырылып жатқанын көрсетеді, – деп атап өткен өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ барша жиналған жұртты мерекемен құттықтап, еңбегімен төрге озғандарға мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталарын табыс етті.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар: «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Айбын» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары Құрмет грамотасы ұзын саны елуден астам адамға берілді. Жұлдызы жанғандардың ішінде атап айтар болсақ, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС басқармасының төрағасы Медғат Құлжанов пен «Имсталькон» ЖШС-нің директоры Михаил Анашкин «Парасат» орденін кеудесіне тақса, «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубай, еңбек ардагері Атымтай Әбенов, жазушы Александр Егоров «Құрмет» орденімен марапатталды. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағы даңқты балуан, Олимпиаданың күміс жүлдегері, еліміздің спорт және қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыхановқа, әйгілі жеңіл атлет, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпаковаға, «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акуловқа, еңбек ардагері Маймұрат Уәлиевке берілді.

Сонымен қатар бұл кеште 2014 жылы Сочиде жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын шығысқазақстандық спортшыларға құрмет көрсетіліп, аймақ басшысы алдағы дүбірлі жарыста жеңіс тұғырынан көрінуге ақ жол тіледі.

– Лондон Олимпиадасы қарсаңында осындай алқалы жиында Ольга Рыпаковаға елге жүлдемен оралуға тілеулестігімізді білдірген едік. Нәтижесінде Ольга алтын медальді алып келді. Енді міне, Сочи Олимпиадасының алдында ырымдап Алексей Полторанин бастаған шығысқазақстандық спортшыларды шақырып үміт артып жатырмыз. Әсіресе, Алексейден жүлде күтеміз. Ол жоқ дегенде жүлделі орындардың бірінен көрінуі тиіс, – деп ойын жеткізген аймақ басшысы А.Полторанинге өзі тұратын Риддер қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті мен арнайы сертификат табыс етті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button