Экономика

Құрылыс қарқын алды

Құрылыс қарқын алды
Шығыс Қазақстан – еліміздегі құрылыс индустриясы дамыған аймақтардың бірі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен және облыс әкімінің бастамасымен тұрғын үй құрылыстарын айтпағанда, бүтіндей бір тұрғын аудандар тұрғызылуда, әлеуметтік-мәдени және спорттық нысандар көптеп салынуда. Ең бастысы, мұның бәрі Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» шеңберінде шығысқазақстандықтардың игілігі үшін жасалып жатыр.
Мәселен, облыста 2017 жылдың қорытындысы бойынша, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының аясында барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 380,0 мың шаршы метр баспана (3 638 пәтер) қолданысқа берілген, бұл 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 111,8 % өсімге немесе 48 көппәтерлі үйге артық.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мамандарының айтуынша, «Бес әлеуметтік бастамада» көрсетілгендей, 2030 жылға қарай елдегі әрбір тұрғынды 30 шаршы метр баспанамен қамту көрсеткішін орындау үшін өңірде баспана салудағы жоспарлық көрсеткіштер 8%-ға ұлғайтылып, 2018 жылға 410,5 мың шаршы метрді құрап отыр. Ал 2021 жылға дейін өсімнің сақталуымен 517,1 мың шаршы метрге жетпек.
– Міндеттелген көрсеткішке жету үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскемендегі 19-шы, 24-ші тұрғын аудандар және Сол жағалау, сонымен қатар Семейде Қарағайлы тұрғын ауданы заманауи талаптарға сай дамытылуда, бұл аудандарда бүгінде құрылыс жоғары қарқынмен жүріп жатыр. 2018-2020 жылдар аралығында аймақта жалпы ауданы 1 677,8 мың шаршы метрді құрайтын 352 көппәтерлі үйдің құрылысы жоспарлануда. Бұл дегеніміз, 20 190 пәтер, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ернар Мәулетханов.
Басқарма басшысының айтқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда жалпы ауданы 514,9 мың шаршы метр болатын 81 көппәтерлі баспананың құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда, 6 283 пәтер тұрғындар игілігіне берілмек. Ал биылғы жылдың қорытындысында 45 үй іске қосылмақ (3 576 пәтер). Құрылысқа баспана салуға қатысты барлық қаржылық институттар мен жеке үй салушылар да қатысып жатыр.
– Облыста тұрғын үйден бөлек, әлеуметтік нысандар құрылысы да қызу жүруде. Биыл әлеуметтік-мәдени мақсаттағы 10 нысан салынып жатыр. Оның алтауы білім саласына тиесілі. Олар – Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы 600 орындық мектеп пен 300 орындық интернат, Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы 320 орындық орта мектеп және Аягөз қаласының оңтүстік қалашығындағы 600 орындық №4 орта мектеп құрылыстары. Сонымен қатар Өскеменнің өзінде мың орындық мемлекеттік тілде оқытатын екі мектеп және Жаңа Согра кентіндегі №23 орта мектепке қосымша ғимарат салынып жатыр. Бұлардың 920 орындық екеуін биыл аяқтау жоспарлануда, – дейді облыстық құрылыс басқармасындағылар.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Өскеменде Халықтар достығы көшесіндегі ғимаратты емхана ретінде қайта жарақтау және 200 төсектік қалалық балалар ауруханасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр, алдыңғысын жыл соңына дейін тапсыру көзделуде. Құрылыстардан спорт саласы да кенде емес, айталық Абай ауданы Қарауыл ауылында жүзу бассейні салынып жатса, Семей қаласында теңдессіз «Абай-Арена» мәдени-спорттық кешенін салу басталды.
Міне, бұлар – өңірдегі құрылыстардың біз тізбелеген ең негізгілері ғана. Мұның сыртында жол салуға, жөндеуге, кеңейтуге қатысты қаншама құрылыс жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, облыстың кәсіби құрылысшылары биылғы төл мерекелерін осындай жоғары көрсеткіштермен қарсы алып жатқан жайы бар.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button