«Рухани жаңғыру» бағдарламасының үздіктері

Өскемен қаласында «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» – Мәңгілік елдің болашағы» атты облыстық фестиваль өтті.
Фестиваль аясында бағдарламаны жүзеге асырушы жобалық штабтардың жұмысын жоспарлау бойынша семинар, практикалық сағаттар, арнайы көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға келген қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жобалық штабтардың басшылары мен мамандары өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бас ғимаратындағы жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері көп келді.
– Облыс көлемінде үшінші жыл қатарынан қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Елбасының бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл қоғамды, халықты біріктіруге мүмкіндік берді. Бағдарламалық мақалаларға әдістемелік және жобалық қолдау көрсету үшін өңірде «Рухани жаңғыру» орталығы құрылған болатын. Осы уақытқа дейін жобалық штабтар ұйымдастырушылық, ақпараттық және жобалық қызметке белсенді қатысып келді. Ал бұл фестиваль үздік тәжірибелерді тарату, тәжірибе алмасу, өңірлік жобалау штабтарының имиджін нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Яғни бүгін біз жылдың қорытындысын шығарамыз, – деді сөз басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит.
Келесі кезекте басқарма басшысы облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың атынан жыл үздіктерін марапаттады.
«Үздік жоба» аталымында үздік танылғандар:
– облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шығыс Қазақстанның көне қазынасы» жобасы;
– Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Үлкен Алтай мұражайы» жобасы;
– облыстық білім басқармасының «Менің мектебім» жобасы;
– облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ертіс музыка әлемі» жобасы;
– облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны» жобасы.
Ал «Үздік жобалық штаб» аталымында Риддер, Алтай, Семей қалаларының, Шемонайха мен Тарбағатай аудандарының жобалық штабтары үздік танылып, жетекшілері арнайы кубоктармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Үздік менеджер» аталымында Семей қаласынан Айдар Абдулхамитов, Жарма ауданынан Гаухар Уәлиева, Күршім ауданынан Роза Тлеубаева, Бесқарағай ауданынан Қырмызы Есімбекова, Аягөз ауданынан Гүлжан Сайболатова, Бородулиха ауданынан Медет Жайдарбеков жеңімпаз атанды.
«Үздік «Рухани жаңғыру» кабинеті» аталымында Семей қаласының Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназиясы бас жүлдені иеленді. Бірінші орынға Аягөз қаласының №5 жалпы білім беретін мектебі мен Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов ауылының Қасым Қайсенов атындағы мектебі, екінші орынға Шығыс Қазақстан техникалық гуманитарлық колледжі мен Алтай ауданының мектеп-лицейі, үшінші орынға Үржар ауданы Тұрағұл Қоңыр атындағы мектеп-балабақшасы мен Катонқарағай ауданындағы Өрел орта мектебі ие болды. Мазмұны бойынша Ұлан ауданы, Таврия орта мектебіндегі кабинет үздік деп танылды.
Марапаттау рәсімінен кейін фестиваль көңілді концертке ұласты.
Оразай Жеңісұлы