Аймақтар аухалы

Құртоған көпірі құлап, көлік қозғалысы тоқтады

Қарғын су Семейдегі Суықбұлақ ауданында орналасқан Кұртоған өзеніндегі көпірді бұзып, құлатып кетті. Көлік қозғалысы, автобус тасымалы толық тоқтап тұр. Көлік жүретін жақты су басып қалды. Бүгінде қаланың барлық атқарушы билік орындары, құтқару қызметтері де осы жерде жүр.

Осыдан екі жыл бұрын ғана осы Құртоған көпірі түбегейлі жөндеуден өткен болатын. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Нұржан Есенжоловтың айтуынша, Семеймен Суықбастау аумағын жалғап жатқан осы көпір бұзылғандықтан, қала тұрғындары үйлеріне айналма жолдармен ғана жетуге мәжбүр. Бұл жерге жеті арнайы техника жеткізілді. Жақын арада жолдың бір жағын тезірек аршу үшін барлық күш жұмылдырып жатыр. Бірақ судың ағыны қатты болып тұрғандығын да айта кету керек.

-Көпірдің сол жағын су қатты шайғанын көріп тұрмыз,-деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков,- су азаймай отыр. Түнгі 12.00-ден бастап, еріген қар суының мөлшері қайта ұлғайды. Жоламан ауылының тұрғындарын көпірге дейін жеткізіп жатырмыз. Өйтіп-бүйтіп жаяу өткізген соң, автобусқа отырып, Суықбастауға қарай жетуде. Құртоған өзеніндегі осы көпір Суықбастау аумағы мен Жоламан кентін жалғап тұр. Суық бастауда 20 мың халық тұрады. Тұрғындар «Семей-Өскемен» трассасы бағытындағы жол арқылы айналмалы жолмен де, Суықбастауға жетіп алуда.

Сондай-ақ, Мұқыр өзеніндегі су да арнасынан асып кетті. Соның салдарынан Семейден Знаменкаға жететін жол, қаладан 60 шақырымдай жердің барлығы, зират-қорымдар судың астында қалып отыр. Знаменкаға дәл қазір жету мүмкін емес. Знаменка ауылының тұрғыны Алтын Тәкиеваның айтуынша, көліктері судың астында қалып, жартылай су кешіп, ауылға әрең жеткен. Күннің күрт жылуы, қардың жаппай еруі, толассыз жауған қар аралас жаңбыр онсыз да әрең тұрған Мұқыр өзенінің көпірінің жағдайын қиындатып жіберген. Өмірі жөндеу көрмеген Мұқыр көпірі де қираудың алдында тұр. Наурыздың 31-інде, кешкі 18.00 кезінен бастап, 8-166 шақырымдағы «Семей-Қайнар» тасжолы жабылды. Қайнарға жұрт «Семей-Қарауыл-Саржал» арқылы айналма жолмен баруда. Мұқыр өзені арқылы өтетін көлік көпірі – Семей мен Жаңасемей ауылдарындағы Знаменка ауылдық округін жалғап жатқан жалғыз ғана көпір. Знаменка ауылында 6 мыңнан аса халық тұрады. Мұқыр өзенінің көпірі бұзылса, осында жұмыс істеп жатқан ең ірі тау-кен өндіріс орындарының жұмысына кедергі келеді екен. Тіпті, былтыр ғана Мұқыр көпірі жартылай жермен-жексен боп құлап, көлік жүруіне тиым салынған. Семейтаудан аққан селді су көпірдің құлаған, тозығы жеткен тұсында бұзып кетуі мүмкін. Семей қаласы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Шығыс автодор» мамандары қар басып жатқан Мұқыр өзеніне үш құбыр өткізіп салудың орнына бір ғана құбыр өткізіп салған да, өзенді топырақпен жауып тастаған. Жаңағы айтылған екі құбырды өзеннің жағасына тастай салыпты. Жол құрылысшылары қардың еріп, судың ағыны күшті болады дегенді мүлде есепке алмаған. Семейтаудың басынан жөңкілген қар суы енді Мұқырды арнасынан асырып жіберді. Су сағат сайын ұлғайып барады. Көпір құрылысына жауапты «ДЭУ-25» мекемесінің директоры Талғат Сұлтановтың айтуынша, қалған екі құбырды ағын тоқтаған соң қолға алмақ. Сөйтіп, жеңіл көлік жүре алатындай етіп, көпірді жөндемек. Ал ауыр жүк көліктер қалай жүреді деген сұрақ туындайды. Өйткені, «Суздальское» алтын кен орнында жұмыс істейтін «Алел» ФИК» компаниясы жүк көліктерін қаңтарып қойып, қарап отыра алмайтын сияқты.

-Бізге көпірді жөндеушілер бір аптаға жететін азық-түліктеріңізді қамдап алыңыздар деді,-дейді «Алел» ФИК» АҚ бас директоры Григорий Яковенко,-айтқандарын орындадық. Бірақ қарап отырсаңыздар, судың үсті-үстіне толассыз ағуына орай, біз бір апта емес, үш апта қаламен байланыссыз отырып қалатын түріміз бар. Ал біз алтын өндіретін өндіріс орнының жұмысын тоқтата алмаймыз. Біз өткен аптада қажетті техника мен мамандарды жіберіп, көпір құрылысына көмектеспекші болдық. Ешкім мән бермеді.

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов алтын өндіретін компания мен жол құрылысшыларының арасындағы дауды шешу үшін Мұқыр көпірін өзі де қарап көрді. Дегенмен, екі компания бірлесіп, тез арада жолды жөндемесе, жағдайдың оңалатын түрі жоқ.

-Мұқыр өзені арқылы көлік қатынасы реттелетін болады,-деді қала басшысы Ермак Сәлімов,-бірақ көпірді бастан-аяқ қайта салу керек. Ал енді уақытша өтетін жер мен бөгетті жаңадан тұрғызған жөн. Бөгет енді бірнеше күн ішінде ағын судың күшіне төтеп бере алмауы әбден мүмкін. Тағы да қосымша 2 не 3 тесігі бар, су жүретін темір бетон құбыр қойған жөн. Қол күші керек болса, алтын өндіретін компания жұмысшыларын жібереді. Мұқыр көпірінің жұмысы сапасыз орындалғанын көзіміз көріп тұр. Өзеннен ауыр жүк көлігі жүріп өтетін дамбы-бөгет дұрыс салынбаған. Көпір құрылысы дұрыс жүрмеген. Мұқыр көпірін жөндеуден шұғыл арада өткізу үшін бізге облыстық бюджеттен қаражат керек. Себебі, тау-кен өндірісінің және басқа да тауар тасымалымен айналысатын ауыр жүк көліктері өтуі қажет.

Ақпан айында өткен арнайы брифингте автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы бөлімі, ТЖ басқармасының мамандары су тасқыны қатерлі болмайды, көктемге дайынбыз деген еді. Өкінішке қарай, дайын болмай шықты. Семей қаласының ішінде жауған қарды сыртқа шығару үшін жергілікті бюджеттен 89 млн. теңге бөлінген екен. Тіпті, ақпан айында әкім арнайы жұмыс тобын құрып, оларға Семейдегі барлық гидротехникалық құрылымдар мен қала ішіндегі су кіреді деген тұстарды зерттеуді тапсырған еді. Брифингте журналистерге ТЖ өкілдері «қаладағы тоғыз гидротехникалық құрылым мен Мұқыр, Құртоған өзендерінің көпірлерін тексердік. Ешқандай қатер жоқ» деді. Бірақ апат айтып келмейді деген, жағдай шын мәнінде басқаша болып, көпірлер қирап, әрі-бері қатынас болмай отыр. Еріген қар суы қаладағы Шығыс, Степной сияқты аудандардағы жекеменшік жер үйлердің ауласы, қора-қопсысына да кіріп, тұрғындарды әбіргерге салып жатыр.

Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button