Ұрпағына қор болған ұлылардың есімі-ай!..

Бірде дастарқан басында уағыз айтып отырған молда жігіттің: – Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде «Дүниеге келген әр нәрестесіне естіген құлаққа жағымды, мағыналы ат қоя білу ата-анаға парыз боп саналады», – дегенін естідім.
Естідім де, осы әңгіменің төңірегінде «апыр-ай, ә!» деп бір қыдыру ойланып қалдым. Егер хадисте солай айтылған болса, онда балаларына Тезекбай, Шылғаубай, Қоразбай, Сиырбай, Итбай, Көтібар, Боқтыкөт, Биткөз және тағы басқа деп кете беретін, естіген құлаққа ерсі, айтуға адамның аузы бара бермейтін есімдерді ойланбай қоя салған ата-аналар Алла тағаланың алдында күнәһар болмаса да, іштен шыққан перзенттерінің алдында өле-өлгенше қарыздар болғаны ғой.
Өйткені «Парыз өтелмесе – қарыз» дегенді айтқан да біздің қазақ. Бұған біреулер «Ертеректе медицинасы жоқ, қысы-жазы көшіп-қонып жүрген жартылай жабайы қазақ ауылында жаңа туған сәбилері бірінен соң бірі шетінеп кете берген соң, тіл-көзден сақтасын деп осылай, қалай болса солай ат қоя берген-міс» деген уәж айтуы да мүмкін. Бәлкім, бұл сөздің де жаны бар шығар. Біз өте ырымшыл халықпыз ғой.
Әлде, шыр етіп дүниеге келген сәбиінен қайта-қайта айырылып, жүректері әбден шайлығып қалған аталарымыз «Өй, мұның әдемі де әсем атын қайтпексіңдер, көз алдымызда қалқайып тірі жүрсе болды емес пе?!» деген принципке сүйенді ме екен? Мұны надандық десеңіз де, ескіліктің қалдығы десеңіз де, өз еркіңізде. Қалай десек те, басқа-басқа, сөз қадірін бір кісідей қастерлей білген қазекем қараптан-қарап бауыр еті баласына естіген адамның құлағына түрпідей тиетін есім қомайтыны белгілі…
Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу кез келген адамды бір сәтке болсын ойландыратын-ақ дүние.
ҚАЗАҚШАҢДЫ ҚАҚПАЙТЫН «ҚАБАНБАЙЛАР» ҚАПТАП ЖҮР…
Ал енді бүгінгі медицинасы да, ғылым-білімі мен басқасы да дамыған жаңа заман, жаңа ғасыр балаларының аттары қандай? Әрине, бүгінгі жастар кешегі ата-бабаларымыз секілді «надан» емес. Шеттерінен білімді, керек болса отырғызып қойып өзіңе әжептәуір ақыл айтады. Қазір балаңыздың баласына «Шылғаубай деп немесе Боқтыкөт деп ат қояйық», деп ұл-келініңізге ұсыныс айтып көріңізші. Сізді жерден алып, жерге салып, тіпті қажет болса, көрмей кетулері әбден мүмкін. Сосын, жасырып-жабары жоқ, байқап жүргеніміздей, бүгінгі жастар балаға ат қоюды көбінесе өздері кесіп-пішіп, өздері шешіп жатады. Бұрынғыдай атасы немесе апасы қойсын деген, көңіл үшін болсын үлкендерге деген құрмет өте сирек.
Мүмкін, ертеңгі күні «Сіздерді тыңдаймыз деп, баламызға қайдағы бір ескілікті, күлкілі атты қойдыңдар», деп бүйректен сирақ шығарып жүрмес үшін, әркімнің өз баласының аты-жөнін өзінің қойғаны дұрыс та шығар. Оның үстіне, қазір интернеттен небір есімдерді қиналмай-ақ тауып алатын заман ғой. Десек те, «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, осы жерде тағы бір мәселенің құлағы қылтиятыны және бар. «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, ат қойғанның жөні осы екен деп, Диана, Милана, Арсен, Ален, Жан деп келетін, айдаладағы бір шетелдіктердің мән-мағынасы жоқ есім-сойларына еліктегіш жастарымыз да жоқ емес және соны өздері кәдімгідей мақтан көретін секілді…
Кейде «осы біз табиғаты, болмыс-бітімі өзге жұртқа ұқсаңқырамайтын, біртүрлі қызықтау халықпыз ба?» деп қалам. Қайбір жылы Қазақстанда Қысқы Азиада ойындары өткен уақытта дүниеге келген біраз сәбидің есімдері Азиада атанып шыға келгені де бар. Марқұм Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанған күні дүниеге келген қызына Олимпиада деп ат қойған қазақты да естігенбіз. Оны айтасыз, оңтүстік өңірлердің бірінде бір үйдің тетелес үш ұл баласының есімдері Самолет, Вертолет, Ракета екен. Ал керек болса. Міне, ат қойған соң, айды аспанға бір-ақ шығарып, осылай қою керек қой, «пәлен-пәштуән» деп ұсақталмай. Бұған енді, қарқылдап күлсеңіз де, еңкілдеп жыласаңыз да, өз еркіңіз…
Жақында бір тойда болдық. Бір топ азамат әдеттегідей той басталғанға дейін әрнені айтып, әңгімелесіп отырғанбыз. Қасымда отырған жасы үлкендеу ағамыз ойнап жүрген төрт-бес баланың бірін тоқтатып ап:
– Әй, батыр! Атың кім? – деп сұрады.
Анау да іркілген жоқ, «Ерасыл!» деп тақ ете қалды.
– Өй, мәләдес! Батыр бабаңның атын кім қойған, кімнің баласысың, жасың нешеде? – деп шаттанған ағамыздың қуанышы ұзаққа бармады. Сөйтсек, әлгі «батырымыз» қазақша бір ауыз сөз білмейтін «казакча не понимаюдың» нағыз өзі боп шықты.
Әлгі жерде ойнап жүрген балалардың бірінің есімі Әлихан, енді біреуінікі Бауыржан екен. Тіпті тетелестеріне кейінірек кеп қосылған сары тентегіңіз Абылайхан бабасының есімін иеленіп апты. Отырғандардың барлығы да: «Өй, айналайындар сол, батыр бабаларыңдай елге-жерге қорған болыңдар!» десіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Шынымен де, ырым десең – ырым, айбар десең – айбар бар. Құлаққа да жағымды, қандай тамаша есімдер!..
Бірақ, өкінішке қарай, иә, өкініш болғанда да, үлкен өкінішке қарай, әлгі «хандар» мен «батырлардың» да қазақшасы әлгіндегі «Қабанбайдың» о жақ, бұ жағында ғана екен.
Отырған азаматтардың барлығы дерлік «тасып барған көңілім сап басылды…» дегендей, әрі-сәрі күй кешіп, бір сәт үнсіз қалдық.
Осы мезетте «Е, қасиетіңнен айналайын, қайран бабаларым-ай! Қаншама жыл қорлықты орыс шовинистерінен көріп ең, ендігі қорлық пен мазақты өзге емес, өзіңнің төл ұрпағыңнан көретін болдыңдар-ау» деген ой санамды осып өткенде, маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалды. Өзгелерді қайдам, осы бір болмашы ғана келеңсіз көрініс той алдындағы шалқып-тасып тұрған көңілімді әп-сәтте ақ әптер-тәптерін шығарды…

«ШОШИМЫН КЕЙІНГІ ЖАС БАЛАЛАРДАН…»
Әрине, бұл жерде әлі оңы мен солын танып-білмеген сәбидің кінәсі жоқ. Оларды кінәлаудың өзі қиянат. Бірақ бұл балалар әке-шешесі, ата-әжелері жоқ, жал-құйрықсыз тұл жетімдер емес қой. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», демеуші ме еді бабаларымыз. Әлде, ұяда көргендері осы ма? Егер сол ұядағы бар көрген-білгендері осы ғана болса, өздері сүп-сүйкімді, қол-аяқтары, басқа да дене мүшелері сап-сау болғанымен, бұлар рухани жарымжан балалар болғаны ғой. Олардың ата-аналары қайда қарап отыр? Жарайды, күндіз жұмыстан қолдары тимейтін болар, кешкілік бір мезгіл ертегі айтып бермесе де, баламен өз ана тілінде сөйлесіп, пікірлесулері керек еді ғой. Өзінің туған ана тілін білмейтін, оның сыры мен сымбатын ұқпайтын мұндай дүбәра ұрпақ қайдан пайда болды? Біз қалайша, қай жерден мүлт кеттік?..
Осындайда, баяғыдағы бір дуалы ауыз ақынның:
– Анадан бір кінәрат кетті ме екен,
Иттің боғы қылшықсыз болмас, – деген жыр жолдары еріксіз ойыңа оралады екен.
Біз бұл жерде бәріне ана кінәлі, әкенің еш қатысы жоқ деуден аулақпыз. Білген адамға күні ертең туған халқына қамқор бола алатын, оның тілі мен дінін қастерлеп, салт-дәстүрінің, тарихы мен мәдениетінің жоқшысы бола білетін ұл-қыз тәрбиелеу әкенің де, шешенің де басты міндеті әрі парызы болса керек.
Осы тұста алысқа бармай-ақ, қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Менің бір туысқан інім мен келінім бар. Екеуі де әке көрген, шеше көрген. Қазақы отбасында тәлім-тәрбие алып өскен. Өз ана тілдерінде мейлінше еркін ойлап, таза сөйлей алатын тәрбиелі балалар. Әлгілердің екі-үш жасар баласының тілі күндердің-күні ғайыптан-тайып, шүлдірлеп орысша шықсын. Міне, қызық. Ешқашан балабақшаға бармаған, ауладағы балалармен де ойнап көрмеген, тек үйде ғана отырған бала.
– Бұл қалай болғаны, үйде өзара орысша сөйлесесіңдер ме? – деп сұрасам:
– Жоқ, қазақша сөйлесеміз, – дейді інім мен келінім.
«Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсек, әлгі бала күні бойы теледидардан, қала берді әке-шешесінің ұялы телефондарынан бірыңғай орысша мультфильмдер көреді екен. Жыл он екі ай осылай. Таң атқаннан күн батқанға дейін естігені орыс тілі, көргені сол елдің балдыр-батпақ мультфильмдері болса, ол баланың тілі орысша шықпағанда қайтеді. Өкінішке қарай, бұл өзі бүгінгі таңда кез келген қазақы үш отбасының екеуінде кәдімгідей айнымас әдетке айналып кеткен «тәрбиенің» түрі боп барады. Оған алаңдап жүрген ана, уайымдап жүрген әке көрмейсің…
Сонау ХІХ ғасырда өмір сүрсе де, «Шошимын кейінгі жас балалардан…» деп күңіренген Абайды әулие демей көр.
Алаш көсемдерінің бірі, аса ірі мемлекет қайраткері А.Байтұрсыновтың:
– Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жaбықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертeңгі үшін, – деп келетін өлең жолдарын темірқазық етіп алар болсақ, игіліктің ерте-кеші жоқ, ағайын.
Көлгірсіп ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен, бұл мәселеге әсіресе қазақтың жас отбасылары, жас ата-аналар көңіл бөлсе құба-құп болар еді.
P.S. Тоғыз қабатты үлкен үйдің ауласында бір топ бала асыр сап ойнап жүр. Әгілердің ұлы да, қызы да құдды бір ақылдасып алғандай, бірыңғай орысша сөйлеседі. Ойын балаларына таяп келген ақ жаулықты әже:
– Әй, Әлішер! Үй, Әлішер дейім, пайдом кушайт. Мама сказал! – деп немересін кешкі асқа шақырып тұр… «Жастарға тәлім-тәрбие беріп, өнегелі жол нұсқайды-ау» деген үлкендеріміздің түрі мынау болса, жетіскен екенбіз. Баяғыда күйініп кеткен бір бейбақ: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын…» деген екен.
Біздің жанайғайымыз да осының кебін кимесе жарады…
Серік Құсанбаев