Руханият

Ұрпағын еңбекке баулыды

Былтыр Семей қаласы мен Абай ауданына арнайы іссапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайда Имаханов Әбдеш атадан бата алып, ерекше риза болған еді.

– Мен жоқшылық пен кедейшілікті санама сіңіріп өстім, –дейді Әбдеш ақсақал. – Бірақ біз болашақ жақсы болады деп алға ұмтылып өстік.

Әбдеш Имаханов ақсақал Абай ауданында туып-өскен. Ұлы Отан соғысына ауыл азаматтары аттанғанда, 55 жастағы әкесі Имахан Қарағандыға тыл жұмысына жіберіледі. Әбдеш ата да 1942 жылы әскерге Абай ауданынан шақырылғанмен, Семей қаласынан жасы жетпей ауылына кері қайтады. Сол күннен бастап Әбдеш ағаның тылдағы еңбек күндері басталады. 1949 жылы Семейдің ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны бітіреді. Саржал ауылында зоотехник болып қызметін бастайды. 1960 жылы оны экономикасы құлдыраған Құндызды ауылына жібереді. Ұжымшарды қолға алған Әбдеш аға мал шаруашылығы саласына бірден екі өзгеріс енгізіп, бір жыл ішінде мың басқа арналған қой қорасын тұрғызған. 43 тұрғын үй, мектеп салып, пайдалануға бергізеді. Кейінірек Әбдеш Имаханов Аягөз, Шұбартау аудандарының «Мыңбұлақ», «Сарқамыс» кеңшарларында да елеулі еңбек етеді.

– Мыңбұлақтың Көктөбесінде ферма меңгерушісі болып жұмыста жүрген ем, Аягөз ауданы еңбеккерлерімен кездесуге жазушы Кәмен Оразалин келді. Биыл жазушының туғанына 100 жыл толып отыр ғой, – дейді Әбдеш аға. – Ақшәулінің табиғаты тамаша жеріне бес қазақ үй тігілді. Кәменмен бірге Еңбек ерлері Болат Бағдатов, Өртқали Қасымжанов, ақын Төлеген Жанғалиев та жүр. Өздерінің еңбек жолдарын баян етіп, өлең оқыды. Аягөздіктер ерекше риза болып, ауыл қарттары бір жасап қалды.

Әбдеш аға Арқат, Қасқабұлақ, Тоқтамыс ауылдарында да табысты еңбек етеді. Ол қай ауылда болмасын, сол ауылдың жастарының білімді болуына ықпал етуге тырысатын.

– Ең алғаш тәуелсіздік алған жылдары нар тәуекел деп «Әбдеш ата» қожалығын аштым, – дейді Әбдеш Имаханов ақсақал, – содан бері қыздарымды еңбек етуге, ұлдарымды ауыр жұмыс істеуге үйреттім. Қасқабұлақтың жанындағы Шиліөзек деген жер бар, Абай ауданына қарайды. Семейге іргелес Бородулиха ауданынан алты бөлмелі жер үйді көшіріп әкеліп, Шиліөзектегі мал бағатын көмекшілеріме баспана салып бердім. Өзім ол кезде 70-тен асқан шағым еді. Қартайдым деп қол қусырып отырамын ба? Шаруа қожалығын ашқан кезімде алғашқыда бір жүз шақты саулық болды. Қазір, міне, 600 қой-ешкі, 100-ден артық сиыр бар. Жылқы басы да өсіп келеді. Бір өкініштісі, шопан таяғын ұстайтын малшы жоқ. Жастар малға қарағысы да келмейді. Не істейміз? Ол үшін баяғы кеңестік кезеңдегідей ауылда кәсіптік-техникалық училище ашу керек. Мәселен, Абай ауданының орталығы Қарауылда училище бар. Онда тек механизаторларды даярлайды. Соның жанынан шопан, жылқышы мамандарын оқытатын арнайы бөлімдер ашқан жөн. Оларды кәсіби түрде оқыту керек. Біз мал өсіргеннен кейін, оның етін ғана сатпаймыз. Жүні мен терісі де кәдеге жараса дейміз. Біраз бұрын Қарауылда жүн қабылдайтын цех ашылды. Сол енді ғана жанданып келеді, болашақта жұмысы жақсарады деп үміттенеміз.

Абай ауданында туып-өскен ақсақалдың жасы бүгінде 90-нан асқан. Байқап қарасаңыздар, мал шаруашылығының проблемасын бұл кісі бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Өйткені бәрін де басынан өткерген. Ауданның экономикасын көтеріп, Мұхтар Әуезов атындағы кеңшар деп аталған, Қасқабұлақ ауылының асыл тұқымды шаруашылық атануына бірден-бір үлес қосқан да – осы кісі. Ол қай ауылда болмасын, сол ауылдың жастарының білімді болуына ықпал етуге тырысты. Ал бүгінгі таңда жастардың ауыр еңбектен, мал бағудан қашатындығы оны қатты қынжылтады.

– Елдің бәрі заңгер бола алмас, жастарымыз ойланса деймін, ет-сүт қайдан келеді? – деп толғанады қария Әбдеш Имаханов.

Бұл күндері Әбдеш Имахановтың соғыс уақытындағы еңбегі мен шаруашылықты басқару кезіндегі атқарған жұмыстары үкімет тарапынан жоғары бағаланып отыр. Ақсақал «Құрмет» белгісі орденімен, «Тылдағы ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін», «Тыңға 50 жыл», «Еңбек ардагері» сияқты көптеген медальдармен марапатталған.

Әбдеш аға жұбайы Төлеуғайша Айтқазықызы екеуінің отасқандарына биыл 73 жыл толыпты. Апамен бірге 10 бала, 33 немере, 35 шөбере өсіріп-жеткізген қара шаңырақ иесі.   Төлеуғайша апа – «Батыр ана», «Алтын алқа» медальдарының иегері.

Ат жарату, бәйгеге ат қосу, ойын-тойда нақышына келтіре ән шырқау – Әбдеш ағаның сүйікті сал-серілік ісі.  Жас күнінен үкілеп ат мініп, домбыра шертіп, сал-серілік құрған Әбдеш ақсақал Арқат ауылында жорға жарысына қатысып, облыстық, республикалық жиындарда талай рет «Сұр Буянымен» жүлдегер атанады. Әбдеш аға өнерді жақсы көруім нағашы тегімнен десе, Төлеуғайша апа Жуантаяқ Тоқтамыс батыр елінің қызымын деп айтып отырады. Бұл әулетте шежіре тарқатып, ата-бабаларының тарихын түгендеп отыру да дәстүрге айналған.

– Ең бастысы, еліміз тыныш, бірлігіміз берекелі болсын. Дастарқанымыз ортаймасын. Біз сияқты көпбалалы отбасылардың жақсылығы, береке-молшылығы арта берсін дегім келеді, – дейді еңбек ардагері.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button