Білім

Ұрпақты тәрбиелеу – жауапты міндет

«Keleshekke – kemel bilimmen». Өңіріміздегі білім беру қызметкерлерінің биылғы тамыз конференциясы осындай ұранмен өтті. «Балапанды күзде санайды» дегендей, өткен оқу жылының қорытындысын шығарып, жаңа оқу жылының міндеттерін межелейтін алқалы кеңеске өңіріміздің  түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қауымы, Білім және ғылым министрлігінің, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ-ның өкілдері, әлеуметтік серіктестер, жоғары оқу орындары ректорлары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Пленарлық отырысқа облыс әкімі Даниал Ахметов төрағалық етті.

Алқалы жиынға жиналған қауым ең алдымен халықаралық «Digital East – болашаққа қадам 2019» IT-форум шеңберінде облыс әкімінің грантына талапкер StartUp-жобалар көрмесін, WorldSkills халықаралық стандарттары талаптарына сәйкес «Мехатроника» бағытына арналған жабдықтар мен зертханалар көрмесін тамашалады.

Пленарлық отырыста алғашқы  сөз тізгінін облыс әкімі алды.

-Дәстүрге айналған тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет, – деп  сөзін бастаған облыс әкімі Даниал Ахметов бұдан әрі өңірдің білім беру саласындағы басты бағыттарға тоқталып өтті.

– Бүгінгі таңда оқушылардың білімін бағалаудың басты әдісі – ҰБТ. Бірақ Білім және ғылым министрлігі ҰБТ нәтижесін жарналамауға кеңес бермейтінін ескере отырып, мен тестілеуге қатысуға ниет білдірген түлектердің көрсеткішімен шектелгім келеді, – деген облыс басшысы  өткен жылмен салыстырғанда, ҰБТ-ға қатысушылардың қатары 5 пайызға артып, 76 пайыз болғанын айтты. Әсіресе, Бородулиха (49%-дан 82%-ге), Шемонайха (35%-дан 54%-ға), Алтай  ауданы (40%-дан -44%-ға) мен Риддер қаласы (49%-дан  57%-ға) мектептерінде өсу динамикасы байқалады. Десе де ҰБТ-ға қатысушылардың жоғары көрсеткішін бұрынғыдай Аягөз  (93%), Зайсан (96%), Тарбағатай (89%), Жарма  аудандары (85%) көрсетіп отыр. Ал  құлдырау көрсеткіші Өскемен қаласы  (70% -ден 66%-ға) мен Глубокое ауданында (66% -дан 52%-ға) байқалып отырған көрінеді.

Әрине, бұл көрсеткіш түлектердің саналы түрде отандық жоғары оқу орындарын таңдап отырғанын білдірсе керек. Ал осыдан небары үш жыл бұрын түлектердің ҰБТ-ға қатысуының орташа көрсеткіші 68 пайыз ғана болатын, тіпті кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 30 пайызға әзер жететін еді. Осы уақыт аралығында шетелге ағылатын мектеп бітірушілердің қатары үш есеге азайған. Егер 2016 жылы жақын және алыс шетелдерге 1800 түлек білім іздеп кеткен болса, биыл олардың қатары – 583. Әрине, жағдайдың бұлай өзгеруіне министрлік пен облыс тарапынан бөлінген гранттық қолдаудың әсері мол. Биыл 2100 бала республикалық гранттың, 400 бала жергілікті бюджеттен бөлінген гранттың иегері атанды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі бөлген қосымша мақсатты грантқа көпбалалы отбасынан шыққан 120 бала ие болыпты.

 

Оқу гранттары неге бос қалды?

Облыс әкімі кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы жағдайға да тоқталып өтті.  Биыл 6768 бала  колледждерде оқуға түсуге ниет білдірген екен. Олардың 1718-і көпбалалы және жағдайы төмен отбасы балалары.

Десе де облыс әкімі мемлекеттік тапсырысқа ие мамандықтарға сұраныстың жоқтығына қынжылыс білдірді. Мысалы, биыл жоғары білім беру жүйесінде математика, физика пәндерінің мұғалімі, ветеринария, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты мамандықтарға бөлінген гранттарға бірде-бір түлек құжат өткізбеген. Кәсіптік және техникалық білім беру саласында да осы көрініс.

– Бұл ең алдымен біздің жоғары оқу орындарының, колледжер мен  мектептердің, салалық басқармалардың мамандыққа бағдарлау жұмыстарын жеткілікті деңгейде жүргізбеуінің салдары, – деп атап өткен өңір басшысы қала мен аудан әкімдеріне, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларына ЖОО-лармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа оқу жылынан бастап еңбек ресурстарын жоспарлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Пленарлық отырыста облыс әкімі жаңартылған білім беру жүйесі туралы да айтты. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тек биылдың өзінде 5 379 мұғалім білімін шыңдап, 1,5 млн. дана оқулық сатып алуға 2 млрд. теңге жұмсалыпты. Жалпы алғанда, төрт жыл ішінде жаңа бағдарлама бойынша 25 мыңнан астам педагог білімін жетілдіріп, жаңа мазмұндағы оқулықтарды сатып алуға облыс қазынасынан 7 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Облыс әкімінің назарынан үштілділік мәселесі де тыс қалған жоқ. Бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд. теңге жұмсалған. Сонымен қатар облыс әкімінің қолдауымен «2019-2021 жылдарға арналған көптілділікті дамытуға арналған кешенді бағдарлама» (француз, неміс тілдері де бар) да бекітілген. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қарастырылған.

Облыс әкімі аймақта педагогтардың жетіспеушілігі мәселесі де бар екенін атап айтты. Өңір мектептеріне 93 мұғалім жетіспейді. Мұның негізгі себебі педагогтардың зейнетке кетуімен байланысты. Осыған орай биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 400 гранттың 152-сі педагогтарды оқытуға бөлініпті.

Екі мектеп «миллионер» атанды

Пленарлық отырыста сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев, облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің директоры Шыңғы Нұрланов баяндама жасады.

Ал көпбалалы аналардың атынан Сәулеш Абылғожина сөз алды. Ол – «Алтын алқа» иегері,  Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылындағы «Ақбай» шаруа қожалығының басшысы.  Айтуынша, облыс әкімінің көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына әлеуметтік қолдау көрсетуге шақырған бастамасы Зайсан ауданында да жалғасын тауыпты. «Мектепке жол» акциясы аясында 2484 бала мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген көрінеді.

Сөйтіп, пленарлық отырыстың бірінші бөлімі аяқталып, кезек марапаттау рәсіміне жетті. Көкпекті ауданындағы Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебі «Үздік орта білім беру ұйымы 2019» байқауының жеңімпазы атанса, «Үздік техникалық-кәсіптік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпазы болып Семей қаласындағы электротехникалық колледж танылды. Екі білім беру ұйымының басшысына да 34 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал аягөздік Бахтыгүл Асылханова «Үздік тренер» атанып, 500 мың теңге көлеміндегі ақшадай сыйлыққа ие болса, 170 мың көлеміндегі сертификат ТКТ халықаралық емтиханының қорытындысы бойынша ағылшын тілінің әдістемесінен жоғары көрсеткішке ие болған Үржар ауданы, Абылайхан атындағы орта мектеп-балабақшасының ағылшын және француз тілдері пәнінің мұғалімі Гүлжан Советоваға бұйырды.

Сонымен қатар бірқатар педагог «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, тағы бірқатары облыстың білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ал өскемендік оншақты мұғалімге облыс әкімі пәтер кілтін табыс етті.

– Шынымды айтсам, қуанышымда шек жоқ. Бұл – мемлекетіміз бен облыс әкімінің мұғалімдерге жасап отырған үлкен қолдауы. Бізге алаңсыз жұмыс істеуге барынша мүмкіндік жасап жатқанына ризамын, – дейді З.Ахметов атындағы №16 орта мектептің география пәнінің мұғалімі Айдар Қалдыбек.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button