Білім

Robolab оқу-роботты зертханасы ашылды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аталған жоғары оқу орны мен Білім және ғылым министрлігінің Дүниежүзілік банктің қолдауындағы бірлескен жобасы – Robolab оқу-роботты техникалық зертханасының ашылу салтанаты  өтті.

Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, ең алдымен, роботты техника зертханасы базасында облыстың және облыс орталығының мектептерінде ашылған роботты техника кабинеттеріне арналған мамандар даярланатын болады. Өңірдегі мұндай кабинеттердің саны 600-ден асады. Аталмыш мамандар – роботтарды құрастыру және модельдеу құзыреттіліктері бар мектеп оқушыларының, инженерлік-техникалық еңбеккерлердің жобалық қызметтері негізінде инновациялық технологияларды енгізуші информатика мұғалімдері.

Екінші бағыт – бағдарламалау, модельдеу, электроника сияқты түрлі салаларды түйістірген пәнаралық білімнің болашақ ІТ-мамандарын қалыптастыру.

– Нақты осындай форматтағы мамандар қажеттілігіне жауап ретінде біздің оқу орнымызда өткен жылы республикалық оқу-әдістемелік секцияның қолдауымен және Білім және ғылым министрлігінің қуаттауымен «Компьютерлік мехатроника» және «Цифрлық гуманитаристика» білім беру бағдарламаларының ашылуы кездейсоқ емес. Біздің жоспарымызда STEM-білімді әрмен қарай дамыту бар, оның аясында академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар зерттеледі, – деп атап өтті М.Төлеген.

Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Жеңіскүл Жантасова және «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенттері шараға қатысушыларды «ROBOLAB» білім беру орталығының веб-парақшасымен таныстырды.

Оқу зертханасының құрал-жабдықтары басқарудың компьютерлендірілген жүйесінен, роботты техникалық жиынтықтың үш түрінен, құралдар жиынтығынан, сандық бағдарламалық басқарудан, материалдарды әзірлеуге және өңдеуге арналған микроскоптан, жаттығу полигонынан және 3D-принтерден тұрады.

Зертханалық кабинет оқытуға қажет барлық замануи құралдармен және техникалық құрылғылармен жабдықталған. Ол дайын роботты техникалық жиынтықтарды жасауға және оларды дербес бөлшектермен толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл конструкторлардың бірегейлігі сол – түрлі жиынтықтардың бөлшектерін үйлестіре отырып, қолданбалы міндеттерді шешуге қажет кез келген күрделіліктегі және белгіленген дәлдіктегі алуан түрлі модельді жасауға болады.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button