Экономика

Өңіріміздегі инновациялық жобалардың келешегі зор

Өңіріміздегі инновациялық жобалардың келешегі зор

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамында және фотоэлектрлі пластиналар шығаратын «Қазақстан Солар Силикон» ЖШС-нің зауытында болып, индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
«Өскемен ТМК» АҚ-ның президенті Әсем Мамытова аймақ басшысына зауыт жұмысы туралы айта келіп, екі жыл бұрын кеуекті титанды вакуум көмегімен қайта балқыту әдісі арқылы титан құймалары мен қоспаларын өндіретін №14 цехтың толық қуатына көшкенін атап өтті. Бұл өндіріс сапасы жоғары өнім алуға, соның нәтижесінде тауардың қосымша құнын айтарлықтай ұлғайтуға және әлемдік титан нарығындағы өз орнымызды нығайта түсуге мүмкіндік бермек. Себебі, мұндай өнім ең алдымен авиация және ғарыш саласында қолданылады. Жобаның қуаттылығы жылына 11 мың тонна титан құймалары мен қоспаларын өндіруге жетеді. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылған.
Даниал АХМЕТОВ Өскемен ТМК мен дүниежүзіне мәлім «Эйрбас» компаниясы арасындағы өзара қарым-қатынастардың даму қарқыны қалай екенін сұрады. Белгілі болғандай, аталмыш байланыстар ары қарай өсіп-өркендеу үстінде екен. Жаңа өндіріс ұсынылатын талаптарға сәйкестік бойынша сертификатталған, «Эйрбас» бүгінде кәсіпорынның негізгі тұтынушысы болып саналады. Әңгіме барысында кәсіпорынның шикізат базасын дамыту мәселесі талқыға салынды, ол үшін аймақтың барлық әлеуетін пайдалану қажет.
№3 цехта облыс әкімі жаңартылған «ПА-1343» пресінің жұмысымен танысты, аталмыш құрылғы заманауи әдіс-тәсілдер арқылы кеуекті титанды кіші түйіршіктерге үгітеді. Бұл жобаның іске асырылуы комбинатқа өнімді толық автоматтандырылған режимде шығаруға, сонымен қатар, қажетті мөлшердегі кеуекті титан үгітінділерін алуға мүмкіндік туғызған.

Өңіріміздегі инновациялық жобалардың келешегі зор

Титан-магний комбинатының тағы бір жаңа жобасы – Оңтүстік Кореяның «Поско» компаниясымен бірлесе отырып, титан слябілері мен құймаларын электронды-сәулелі балқыту әдісі арқылы шығаратын инновациялық өндіріс құру.
Біріккен кәсіпорын – «ПОСУК Титаниум» серіктестігінің бас директоры Валерий Сычев облыс әкіміне өз өндірістерін таныстырды. Мұнда қуаттылығы жөнінен әлемде екінші орын иемденетін пеш орналасқан. Ол балқыту пеші сегіз электронды-сәулелі зеңбіректен тұрады және вакуумда салмағы 20 тонна болатын титан слябін балқытуға қауқарлы. Технологияның жобалық қуатына көшуі осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған, сол кезде зауыт жылына алты мың тоннадан астам өнім өндіретін болады. Отандық титан құймалары мен слябілерінен «ПОСКО» кәсіпорнында жалпақ титан беттері және құбырлар жасалып, кейін Кореяның кеме жасаушы алпауыт компанияларына сатылады. Бұл жоба бірлескен қазақ-корей кәсіпорнын әлемдік нарықты жалпақ титан беттерімен қамтамасыз ететін ірі өндірушіге айналдырады.
– Қазіргі кезде өнімді одан әрі өңдеудің келешегі туралы ойлану керек. Қазіргі міндет – өнімнің отандық үлесін барынша арттыру, – деп ұсыныс жасады комбинат басшыларына облыс әкімі.
«Қазақстан Солар Силикон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фотоэлектрлі пластиналар шығаратын зауытында Даниал АХМЕТОВ өндірістің толық технологиялық циклымен танысып шықты. Мәселен, дайын өнімнің бақылаушысы Данил Шурупов облыс әкіміне кремний блоктарының тексерілу барысын көрсетсе, кесу станогының операторы Андрей Баринов пластиналардың кесілу технологиясын баяндады.
Зауыт директоры Василий Ли сұрғылт кремний шақпағы фотоэлектрлі пластинаға айналу үшін ондаған операциялар мен сынақтардан өтуі тиіс екенін түсіндірді. Бұдан соң ол екінші модификация цехына жөнелтіледі. Онда пластинамен тағы да он шақты жаңа іс-әрекеттер жүргізіледі. Соңында пластина бетіне мың градустық ыстық температурада күміс және алюминий пасталары жағылады. Миллиондаған данамен есептелетін дайын өнімдер Астанадағы күн батареялары модульдері құрастырылатын зауытқа жіберіледі.
Облыс әкімі цехтарды аралай жүріп, басшылармен кәсіпорынның әлі шешілмеген мәселелерін де қарастырды. Василий Ли алдағы уақытта өнімдерін тек еліміздің өңірлеріне ғана емес, сондай-ақ көршілес Ресейге де сатуды көздеп отырғандарын жеткізді.
– Әрбір кәсіпорынның негізгі мәселесі сол, олардың шығаратын өнімдері нарықта сұранысқа ие болуы тиіс. Зауытқа қолдау қажет және ондай демеу көрсетілетін болады, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button