Мәдениет

Үрімшідегі сабантойға қатысып қайтты

Үрімшідегі сабантойға қатысып қайтты

Бородулиха ауданындағы “Ләйсән” татар этно-мәдени бірлестігі таяуда Қытайдың Үрімші қаласында өткен сабантой мерекесіне қатысып қайтты.

– Бұл сабантойға қатысуға шақыру сәуір айында келген болатын. Бірақ Шыңжаң өлкесінде орын алған лаңкестікке қатысты дәл қай күні болатындығы басы ашып айтылмаған еді. Мерекеге қатысудың сәті таяуда ғана түсті. Және бұл сапар біздің есімізде ұзақ сақталады деп ойлаймын. Осы сапарымызға қолдау көрсеткені үшін Бородулиха ауданының әкімі Г.Акуловқа және Достық үйінің директоры А.Шпилькинаға алғысымызды білдіреміз. Елімізде халықтар достығы нығая берсін, Қазақстанымыз өркендеп, жерімізде ынтымақ пен татулық салтанат құрсын, – дейді “Ләйсән” татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Нәйлә Давлетшина.

Сабантой шаһар орталығындағы Ұйғыр саябағында өтіпті. Мерекеге қатысушыларға Татарстан президентінің құттықтау хаты оқылған. Татарстанның халық әншісі Зухра Шарифуллина өзінің жолдасы Азат Хамитовпен сырнайдың сүйемелдеуімен бірнеше халық әнін орындаса, «Ләйсән» татар этномәдени бірлестігінің өкілдері де өз өнерін ортаға салған екен.

«Сырт көз сыншы» дейді ғой, Нәйлә Ағзамқызы Үрімші қаласында өткізген бес күн ішінде өзі байқап, көңіліне түйген жайларды да ортаға салды.

– Қытайда тұратын түркі халықтары арақ-шарап жағына жоқ көрінеді, әрі олар төрт тілде (қазақ, татар, қытай және ұйғыр) еркін сөйлейді екен, – дейді ол.

Сиюй қонақүйінде жатқан “ләйсәндықтарды” Сабантой мерекесінен кейін Үрімші қаласының татар қауымдастығының төрағасы, биология институтының профессоры Нұрбай Абдулсалих, профессор Абдулла Аббас, Шәуешектегі татар орталығының жетекшісі Шамсинур Сайрани қонаққа шақырыпты.

– Қайтқанға дейін Қытайдағы достарымыз жатпай-тұрмай, қолдап жүрді. Үрімшінің көрікті жерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдардан дәм таттырды. Біз де құр қол бармай, бетіне ою-өрнек салынған электросамауырды Үрімші қаласындағы ұйғыр-татар қауымдастығына тарту еттік. Қытайда біздегі сияқты этномәдени бірлестіктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді екен, – дейді Н.Ағзамқызы.

“Ләйсәндықтар” Үрімшіге келесі жылы тағы да баруды көздеп отыр.

Серік Әбілқасымұлы

Осы айдарда

Back to top button