Мәдениет

«Өрмекші адам» Өскеменге келді

Облыс орталығындағы «Юбилейный» кинотеатрында әйгілі «Өрмекші адам» комиксінің мемлекеттік тілдегі тегін көрсетілімі өтті.

«Өрмекші адам» Өскеменге келдіКиносеанс «Жастар – Отанға!» атты партиялық жобаны жүзеге асыру шеңберінде көрсетілді. Ал оның көрерменге тегін көрсетілуіне Өскемен қалалық мәслихатының депутаттары демеуші болыпты.

– Бұл акцияның мақсаты – мемлекеттік тілді дамытып, оның қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ, жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, – дейді қалалық әкімдіктің қызметкері Мақсат Әкірамов.

Алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясы аталған картинаның аймақ көлемінде көрсетілуіне ықпал етпекші. Сонымен қатар биыл «Жастар – Отанға!» акциясы аясында «Малефисента» және «Галактика сақшылары» атты екі фильмді дубляждау жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, «Малефисента» 23-27 мамыр аралығында, ал «Галактика сақшылары» 25-30 маусым күндері көрерменге ұсынылмақ.

Бұл күні Өскемендегі ең үлкен кинотеатрды бетке алғандар қарасы көп болды. Олардың арасында небір шытырман оқиғалы көрсетілімдерді жаны сүйіп көретін балалар ғана емес, үлкен адамдар да баршылық еді. Солардың бірі – Өскеменге қонаққа келген Келдібай Нұрымов.

– Мен осы фильм көрсетіледі дегенді естіп, немеремді ертіп келдім. Менің ойымша, ол шым-шытырық оқиғаға толы болуымен де балаларға ерекше ұнайтын сияқты. Ең сүйінерлігі, дүние дидарындағы адам атаулыны баурап алған фильмнің қазақ тілінде сөйлеуі. Сонысымен-ақ ол егемен еліміздің мәдени өміріне енген тың жаңалық болып отыр дегім келеді, – дейді ол.

Расында да, отандық көрсетілімдеріміз де көбейіп келе жатқан қазіргі кезеңде әлемді тәнті еткен осы бір фильмнің қазақ тілінде сөйлеуі талайларды тәнті еткені даусыз.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button