Мәдениет

Құрманның көрмесі ұйымдастырылды

Құрманның көрмесі ұйымдастырылды


Абай атындағы кітапханада мүсінші, суретші-флорист, ағаштан түйін түйген шебер, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі Құрман Аймұханбетовтің өнер туындыларына арналған «Семей полигонының қасіреті» атты кең көлемді көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге қаланың зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, колледж және мектеп оқытушылары, студенттер қатысты.

Мүсіншінің туындыларын тамашалауға келген халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті О.Шәріпбаев, ұстазы Жанат Төлебаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы А.Қуанғалиева ізгі тілектерін білдірсе, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы төрағасының орынбасары С.Картоев Құрман Абайұлын Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапаттады.

Құрман Абайұлы – өмірінің 28 жылын полигон тақырыбына арнаған мүсінші. Шебердің шынайы шеберлікпен жасаған мүсіндерінен полигонның адамзатқа әкелген орны толмас қайғы – қасіретін көруге болады. Мүсіншінің «Құбыжық адам», «Ананың көз жасы», «Хайуан адам», «Полигонның зардабы», «15 жасар кемтар бала», «Өлім әкелген саңырауқұлақ», «Махаббат өлімнен де күшті» сияқты, жиыны 30-дан аса туындылары адамның жан дүниесін тебірентеді. Аталмыш еңбектері 2016 жылы Астанада полигонның 25 жылдығына орай Тұңғыш Президент кітапханасында, екінші аймақтық форумда және Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Әлем. ХХІ ғасыр манифесі» атты форумда қойылып, көпшіліктің қошеметіне бөленген.

Светлана Саягуб,
Абай атындағы кітапхана қызметкері
Семей.

Осы айдарда

Back to top button