Құрманғазы оркестрі құлақ құрышын қандырды
Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында Мәдениет және спорт министрлігі және облыс әкімдігінің қолдауымен ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы атанған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің шығармашылық концерті өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Сахна шымылдығы «Көңілашар» күйімен басталды. Бұл кеште оркестрдің сүйемелдеуімен Ә.Бейсеуовтің, Ш.Қалдаяқовтың, Н.Тілендиевтің әндерінен попури орындалды. Атақты сазгерлердің туындыларын көрермен қауым әншілермен бірге шырқап отырды.
Оркестр репертуарынан берік орын алған Тәттімбеттің «Саржайлауы», Абайдың «Торжорғасы», Махамбеттің «Жұмыр қылышы», сондай-ақ, Рахат Сарсеновтің жеке орындауындағы «Төремұрат» пен «Жеңіс» күйлері арқылы жалғасын тапқан концертке оркестрдің бас дирижері, халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаев дирижерлік етті.
Өнер кешінде Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты Ерлан Рысқали «Көк тудың желбірегені» әнін әуелете айтқанда, бүкіл зал орнынан тұрып, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, әншінің «Қыз Жібек» операсындағы «Шегенің термесі» мен «Қыздар-ай», «Молдабай» әндері де көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Ал Әділ Тұрғанбаевтың Жетісу мен төр Алтай өлкесінің әндеріне жасаған попуриі көпшілік көңілінен шықса, Дәлел Уәштің «Тамаша» әні кештің шырайын одан әрі кіргізді.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай оркестрдің сүйемелдеуімен Н.Тілендиевтің «Бауырластарым» күйі де көрермен көңілін бір сейілтіп тастағаны анық. Ал сахна төріне Нұрғали Нүсіпжанов көтерілгенде халық орнынан тік тұрып, әншіге деген зор құрметтерін көрсетті. Халық әртісі «Алқоңыр», «Келе жатыр құс қайтып», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін шырқағанда, залда бір сәтке тыныштық орнап, халық ұйып тыңдады. Сондай-ақ, бұл кеште оркестрдің бас дирижері болған Шамғон Қажығалиевтің құрметіне Базарбай Жұманиязовтың «Серпін» шығармасы да орындалды.
Бұл концертте облыстық Байжігіт атындағы оркестрдің бас дирижері Шалқар Рысхановтың дирижерлігімен «Адай» күйі орындалғанын айта кеткен жөн.
Концертте еліміздің тәуелсіздігін насихаттайтын шығармалармен қатар, дәстүрлі және әлем классиктерінің туындылары да орындалды. Атап айтсақ, И.Штраустың «Радецский марш», «Полька на охоте» мен Андерсонның «Фиддл-фаддл» музыкалық туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Бұл концерт Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Абайдың 170 жылдығына арналыпты. Аталмыш ұжымның басшысы Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, өнерпаздар қазан айының 16-сынан бері облысымыздың бірқатар аудандары мен қалаларында болып, жеке шығармашылық кештерін ұйымдастырыпты. Енді Семей мен Абай ауданына ат басын бұрамыз деп жоспарлап отыр екен.
Шығармашылық кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар 80 жылдан астам тарихы бар оркестрдің өнерпаздарына алғысын білдірді.
– Бүгін біз өңірімізде өтіп жатқан үлкен мәдени шараның куәсі болып отырмыз. Кім ойлаған, осылай көрерменнің барлығы Құрманғазы оркестрінің сахнада ойнаған музыкалық туындыларына қосылып, ән шырқайды деп, – деп ағынан жарылды облыс әкімінің орынбасары.
Шығармашылық кеш соңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ атынан ықылас гүлі сыйға тартылды. Ал өз кезегінде Нұрғиса Дәуешов облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға Еркебұлан Мүсіреповтің «Әлемге әйгілі оркестр», «Ақиқатқа айналған ұлы арман» атты кітаптарын сыйға тартты.
Ажар Сағатбекова