Құрманғазы атындағы күйшілер байқауы биыл біздің облыста өтеді
Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, сондай-ақ, тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың бірлескен алқа мәжілісі болып өтті.
– Бүгінде мәдениет саласы айтарлықтай нығайды. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының тигізген шарапаты үлкен. Осы бағдарлама аясында облыстың мәдениет саласының құрылыстарына 200 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді, – деп бастады мәжілісті ашқан облыстық мәдениет басқармасының басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Ахметжанов. – Қазір З23 кітапхана, он мұражай, төрт концерттік ұйым мен екі театр және осы салада жалпы 673 мекеме бар. Әдебиет және мұрағаттар саласын қаржыландыру биыл 508 млрд. теңгені құраған-ды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 1,3 есе артық.
Сала басшысының айтуына қарағанда, қазір Өскеменде жаңа қазақ театры, Күршімде ауылдық клубы, Катонқарағай ауданында шығармашылық үйі, Ұлан ауданының Тарғын және Сағыр ауылдарында клуб ғимараты салынып жатса, Абай ауданындағы Саржал ауылдық клубы, Семейдегі Абай кітапханасы мен Өскемендегі Металлургтар сарайы қайта жөндеуден өтуде. Ал өткен бір жылдың көлемінде облыста 30 мыңнан астам халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі түрлі шаралар өткізіліп, театрлар ел назарына 711 қойылым ұсынған. Шаралардың басым бөлігін мұражайлар мен кітапханалар өткізгені сүйінішті. Облыс аумағында 627 ескерткіш болса, олардың 15-і республикалық дәрежедегі мұралар екен.
Алайда, бұл салада кемшіліктер де бар екенін айта кеткен орынды. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы мемлекеттік комиссияның талабына қайшы орнатылған 30-дан астам ескерткіш пен монумент барын жасыруға келмес. Олар Өскемен, Семей қалалары мен Абай, Бесқарағай, Жарма, Катонқарағай, Зайсан және тағы бірқатар аудандарға тиесілі. Аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін облыстық тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мекеменің директоры Т.Сүлейменовке тапсырма беріліпті. Ол жоғарыда келтірілген аудандарда заңсыз орнатылған ескерткіштерді заңдастырумен айналыспақ екен.
Мәдениет басқармасының алдағы уақытта атқарар шаруалары да басқосу барысында жан-жақты айтылды. Биыл дәстүрлі мәдени іс-шаралар өз жалғасын тауып, Елбасы өз Жолдауында қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған шаралар өткізілмек. Нақтылай айтқанда, салалық министрлікпен бірлесе отырып, сәуір айында республикалық Құрманғазы атындағы дәстүрлі күйшілер байқауын, қыркүйекте «Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестиваль өткізілмек көрінеді. Сондай-ақ, облыс көлемінде қазақ киносының күндері ұйымдастырылады.
– Бұл тұрғыда қазір «Қазақфильм» АҚ-мен келіссөз жүргізілуде. Ол үшін аудандар кино көрсететін орындарды белгілеуі, бейнемобиль қызметін жолға қоюы, шалғай ауылдардағы тұрғындардың ол киноларға қолжетімдігін қамтамасыз етуі тиіс. Бейнемобильдерді сатып алу үшін тек бюджеттің қаржысына қарап отырмай, нақты демеушілер іздестірілсе. Жалпы, жер-жерлердегі таланттар мен шығармашылық ұжымдардың бастамаларына нақты қолдау көрсету қажет. Сонда ғана дамуы жедел, болашағы кемел елдің әрбір ісі берекелі, әрбір күні мерекелі болмақ, – деді Нұрболат Ахметжанов.
Бұдан соң баяндама жасаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдын Шаймарданов мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 94,7 пайызды құрағанын, өткен жылы 51 мемлекеттік мекеменің қызметін тексеру барысында заңдылықтардың бұзылуына жол берген екі қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, аудармашылар мен іс жүргізушілер үшін үш мәрте ұйымдастырылған курста 60 адам шеберліктерін шыңдағанын, сондай-ақ, қазақ тілін оқытудың инфрақұрылымы кеңи түскенін баяндаса, облыстық лингвистикалық орталықтың директоры Бақыт Ағажаева өз жұмыстарына жаңа ақпараттық технологиялар енгізілгеніне, қашықтан оқыту сайты жұмыс істейтініне, орыс және ағылшын тілін жетік меңгеруге ден қойғандар саны өсіп отырғанына тоқталды.
Сонымен қатар алқа мәжілісін өткізуші үшінші мекеме – облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Алдияр Әубәкіров атқарылған шаруалар мен алда жүзеге асырылатын жұмыстар жайында толыққанды айтып өтті.
Ғафура Сәрсенбайқызы