Экономика

Ірілендірілген шаруашылықтар іргелі жұмыс атқарады

Ірілендірілген шаруашылықтар	іргелі жұмыс атқарады

Мал шаруашылығын субсидиялау жүйесі, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрылуын жалғастыру туралы арнайы жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин және Семейдегі осы сала мамандары, бірқатар шаруа қожалық басшылары қатысты.
Айта кету керек, өткен жылғы 15-қарашада Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңға қол қойған болатын. Құжат мақсаты – ауыл шаруашылық кооперативтері мен оларға қарасты қауымдастықтардың қызметтерін құқықтық тұрғыда реттеу әрі осы саладағы заңнаманы жетілдіру болып табылады. Заң жобасы күшіне енгеннен кейін, шаруа қожалықтарын ірілендіру есебінен ауылшаруашылық саласындағы бәсекелестік ұлғая түседі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, ол еліміздің азық-түлік әрі экономикалық қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуге тиіс.
– Бүгінде біз Елбасы тапсырмасына орай, мал шаруашылығы мен ет өңдеу саласын дамыту үшін өндірістік кооперативтер құруды қолға алдық. Осы бағытта «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС-нің мұрындық болуымен Аягөз ауданында бірегей ет комбинаты салынбақ,-деді Дүйсенғазы Мусин,-мұнда қой етін өндіру мен қайта өңдеу саласына басымдық берілетін болады. Ал жаңа қабылданған заң облысымыздың шаруаларына көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, олар мемлекет тарапынан толық қаржылай қолдауға ие болады. Бұған қоса салық жүйесі оңтайланады. Облысымызда пайдаланылмай жатқан бос жерлер бар. Аймақта ауылшаруашылық саласын жақсы білетін мамандар жетерлік. Бірақ өзге облыстарда заң шыққаннан бері 30-50 кооперативтер құрылғанмен, бізде бұндай деңгей жоқ. Семей қаласында ашылған кооперативтер саусақпен санарлық қана. Сондықтан бұл істі тездету керек. Түрлі шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы субсидия беруді қолға алған жөн. Семейде бар-жоғы 3 кооператив қана ашылыпты. Мәселен, Күршім, Тарбағатай аудандары да ашты. Бірақ Семейдің деңгейі, экономикалық өсімі олардан әлдеқайда жоғары тұрады емес пе?! Қарап отырсам, облыс бойынша небәрі 10 ғана кооператив құрылыпты. Сондықтан да бұл істі жылдамдату керек. Мәселен, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңын аягөздіктер оң көзқараспен қабылдап отыр. Бұл ауданда салынатын ет комбинаты мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосады деп күтілуде. Оның көмегімен жылына 376 мың ұсақ мал және 53 мың ірі қара малдың етін өңдеу жоспарлануда. Сол Аягөз қаласында 2 кооператив құрылып отыр. Кооперативті неге құрамыз? Кейбіреулер «қайтадан колхоз, совхоз болуға көшеміз бе?» деген күдікті де айтып қалып жүр. Жоқ, олай емес, кооператив дегеніміз – ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру, сөйтіп, оларға мемлекет тарапынан беретін субсидияны, басқа да жеңілдіктерді қолжетімді ету.
Сондай-ақ, Дүйсенғазы Мусин көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті нығайту қажеттігін де атап айтты. Бұл ретте «Приречное» агрофирмасы, «Мұздыбай» шаруа қожалығы сияқты шаруашылықтардың жұмысы өте жақсы жүруде.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сүлеймен Медеуов жаһандық дағдарыс жағдайында Қазақстан үшін аграрлық секторды қолдау аса маңызды басымдықтардың бірі деп атап өтті. Шындығында, ауыл шаруашылығының әлеуеті тұрғысынан Қазақстан үшін аграрлық секторды қолдау аса маңызды. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды арттыру шаралары жүзеге асуда. Бағдарламаға сәйкес, аграрлық секторды субсидиялау еліміз бойынша, 2020 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артуы тиіс.
Қалалық ауылшаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, бұл күндері қала экономикасының негізі болып табылатын өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі артыпты. Бүгінгі күні қалада 650 шаруа қожалықтары мен өндіріс кооперативтері, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қарқынды қызмет етуде. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының көтерілуін болдырмау мақсатында өткен жылдың қарашасынан бастап 2016 жылдың мамыр айы аралығына тұрақтандыру қорына салынған картоп және көкөніс көлемі 5700 тоннаны құраған. Оның ішінде 3500 тонна картоп, 850 тонна қырыққабат, 600 тонна сәбіз, 150 тонна қызылша, 600 тонна пияз қоры бар. Мұнымен қоса, жергілікті жердегі ең ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші шаруашылық – «Приречное» агрофирмасы оператор болып анықталып, қоймада картоп, көкөніс өнімдері сақталып, халыққа сатылымға шығарылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірде жеміс-көкөніс сынды өнімдердің бағалары тұрақты болып отыр.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Семей қаласындағы жаңадан ашылған іргелі нысан «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығында ұйымдастырылған Бесқарағай ауданы кәсіпкерлерінің ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесінде де болды. Ауданның барлық ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтары жәрмеңкеде ет-сүт өнімдері мен бау-бақша дақылдарының барлық түрлерін әкеліпті. Бұл күні жәрмеңкемен қатар семейліктер үшін концерттік бағдарлама да әзірленген екен. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары таң ата базаршылаған жұртты ән мен биге бөледі. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жәрмеңкелер ұйымдастырудың маңыздылығы зор екендігін байқаған Бесқарағай ауданы әкімдігі қала тұрғындарына өз өнімдерін арзан бағамен ұсынды.
Жәрмеңкеге көл-көсір өнім әкелген бесқарағайлықтар Семейге келмес бұрын қалалық кәсіпкерлік бөлімімен келісіп, өнімдер бағасын, саудаға түсетін тауар көлемін анықтап алыпты. Яғни, сөредегі ет өнімдері қаладағы базар бағасынан анағұрлым арзанға ұсынылып жатты. Мәселен, қойдың қоң еті 900 теңгеден босатылса, сиырдың сұрпы еті 1000 теңгеден сатылды. Бұл күні 7 тонна әкелінген көкөніс келісі 60 теңгеден сатылды. Бір жарым тонна сүт литрі 150 теңгеден саудаланды.
Жәрмеңке сөрелерін аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин өнім түрлерімен танысып, саудалаушы бесқарағайлықтарды сөзге тартты.
-Баға мәселесі де, ұйымдастыру ісі де реттелгенін көрдік. Жергілікті нарықтан төмен бағада екен,-деді Дүйсенғазы Мусин,-халықтың ризашылығын да байқадық. Жалпы, бұл ретте аудан әкімдері жүйелі жұмыс жүргізуде. Ал бесқарағайлықтар 10 млн. теңгенің өнімін әкеліп саудалап жатыр екен. Азық-түлік түрлерінің мол екенін аңғардық. Баса айтар жайт, ендігі жерде өзге аудандар жәрмеңкеге келерде қандай өнімге сұраныс жоғары екенін анықтап алса игі. Себебі, бүгінгі таңда қалалықтар тарапынан ауылда өндірілген табиғи таза тауарларға сұраныс мол. Жалпы, мұндай шараны әлі де жалғастыра беретін боламыз.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button