Римге аттанады
Қуан Барыс – Семейдегі әскери техникалық мектептің тәрбиеленушісі. Жастығына қарамастан, бүгінге дейін бірқатар байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрініп үлгерген курсанттың дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері деген атағы да бар. Қазір талапты жас қарулас достарын бозкілемге шақырып, күрес өнерінің қыр-сырын үйретіп жүр екен.
– Мен дзюдо күресімен тоғыз жасымнан бастап шұғылданамын. Осы уақыт ішінде біраз тәжірибе жинап үлгердім, шеберлігімді шыңдадым. Дегенмен, үйренерім әлі де көп. Сол үшін бүгінде Қарулы Күштер қатарында қызмет етсем де спорттан алыстағым келмейді. Ал жетістіктеріме келсек, былтыр Алматы қаласында ұйымдастырылған жастар арасындағы чемпионатта топ жарып, Өскеменде өткен 23 жасқа дейінгі балуандар бәсекесінде үздік атанғаным бар. Мұның бәрі көп жылғы маңдай тер, табан етпен келген жеңіс, – дейді жас балуанның өзі.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі хабарлағандай, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген балуан қазір қызу дайындықта. Ол алдағы күндері Италияның Рим қаласында өтетін байрақты бәсекеге аттанбақ.
Спортшының айтуынша, оны күрес үйірмесіне алғаш рет әкесі жетектеп апарыпты. Дәл сол кезде Қуанға әжесі де ақ батасын берген екен. Ақ жаулықты әже немересінің келешегінен зор үміт күтетінін жасырмайды.
– Қуан бала кезінен ширақ, зейінді болып өсті. Кішкентайынан құлын-тайға мініп, ат құлағында ойнайтын. Талай бәйгеде шабандоз болды. Міне, сол бір балалық шағынан қалыптасқан спортқа деген бейімділігі шығар, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап күреске ден қойды. Бүгінге дейін әлемнің талай елінде болып үлгерді, ел көрді, жер көрді. Бәрі осы спорттың арқасы ғой. Енді немеремнің Олимпиада чемпионы атанған сәтін көрсем деймін, – дейді Қуан Барыстың әжесі Бақтығайша Мұқашева.