Риддерге 40 минутта жететін боламыз
Алдағы уақытта Өскеменнен Риддерге дейінгі жол жүру уақыты екі есеге қысқармақ. Бұл жөнінде автокөлік жолдарын салу және жөндеу мәселесі бойынша кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
– Жұмыс тобы Тарханка мен Топиха арқылы Черемшанкаға, одан әрі Риддерге шығатын жолды зерделеп шықты. Бұл жолдың бойына өтпе мен көпір салып, біраз бөлігін асфальттау қажет. Осының арқасында Риддерге дейінгі жол жүру уақыты екі есе, яғни 35-40 минутқа шекті қысқарып, туризм мен бизнестің дамуы да қарқын алмақ, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Октябрь өткелінен Алтай қаласына дейінгі жолды, Өскемен – Самсоновка – Тарғын – Самар, Предгорное – Веселовка телімдерін орташа жөндеу көзделген.
– Ақжар ауылынан Зайсан трассасына шығатын жолды жаңартамыз. Өйткені Зайсанда МРТ құрылғысы орнатылады, яғни жақын аудандар тұрғындары осы процедураға кедергісіз жетуі үшін жол қолайлы болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Марқакөл ауылына дейінгі жолды жөндеу қарастырылған. Мамандар Первомай кенті арқылы Шемонайхаға баратын жолды да тексереді.
Көктемде жөндеу жұмысын бастау үшін қазір жобаларды құжаттау және сараптау жүріп жатыр.
Ержан Кеңесұлы