ЖаңалықтарТОП

Риддердегі төрт пәтерлі үйдің іргетас төсеніші қалпына келтіріледі

ШҚО-ның Риддер қаласындағы Уәлиханов көшесі, 24 мекенжайында орналасқан бір қабатты төрт пәтерлі үйде 12 адам тұрады. Бұл учаскеде жылу жүйелерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кеше сағат 23.00-де осы үйдің іргетасының төсеніші опырылып түскен болатын. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖ және әкімдіктің мамандарынан құрылған комиссия үйдің беріктігіне залал келмегенін анықтады. Дегенмен тұрғындар өз қалауымен уақытша туыстарының үйінде болуды жөн көрді, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Уәлиханов көшесі, 24 мекенжайындағы үйдің тұрғыны Ербол Мадияновтың айтуынша, олардың үйінің жанында жерді қазып, жылу құбырына жөндеу жүргізіліп жатқан.

– Іргетастың айналасындағы топырақ жамылғысының опырылып түсуіне ауа райы әсер етті деп ойлаймын. Мердігерлер бүгін топырақпен толтырып, қалпына келтіріп береміз деп отыр, – дейді ол.

«Востоквзрывпром» ЖШС инженері Анна Заводина барлық жұмыстың жобаға сәйкес жүргізілгенін айтады. Қазір құбырлар тегіс тартылып қойған, дәнекерлеу жұмысы да аяқталып қалды. Шамамен бүгін кешке қарай құбырды қысыммен тексеру жүргізіледі.

– Бізде жобадан ауытқу болған емес, ал жердің опырылып түсуі – бұл ауа райы жағдайына байланысты болуы керек. Іргетастың төсеніші міндетті түрде қалпына келтіріледі, – деді «Востоквзрывпром» ЖШС инженері Анна Заводина.

Мамандардың айтуынша, ТЖ және ТҮКШ қызметтері ғимаратты зерделеп шығып, үйдің басқа жеріне залал келмегенін анықтаған.

– Сәулет бөлімі визуалды түрде тексеріп шықты, ғимараттың іргетасының төсеніші құлаған екен. Қазір жұмыстар аяқталып қалды, опырылған жері қайтадан топырақпен толтырылады, – деді Риддер қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Көккөзов.

Сара Жомарт

Осы айдарда

Back to top button