Риддер ЖЭО алдағы жылыту маусымына дайын ба?
Жылыту қазандықтары істен шығып, қыс ортасында жылусыз қалған Риддер қаласы биылғы маусынға қаншалықты дайын? Күрделі жөндеуден өтіп жатқан Риддер ЖЭО бекітілген мерзімде жұмысына кірісе ала ма?
Аталмыш сұрақтарға Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев облыс орталығында өткен брифингте жауап берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Риддер қаласында шешілмеген мәселелер көп. Алайда, қазір халықты алаңдатып отырған басты мәселе Риддер ЖЭО болып отыр. ШҚО-ның бұрынғы әкімі Даниал Ахметов аталмыш қалаға барған сапарында 15-қыркүйекке дейін ЖЭО-ның жөндеу жұмыстары толығымен аяқталады деген болатын. Дархан Қосантаевтің айтуынша онда жұмыс қызу жүріп жатыр. Дегенмен шешілмеген мәселелер де жоқ емес көрінеді.
-Өткен жылыту маусымында апаттық жағдайлар жиі орын алып, халықтың мазасы кетті. Оның себебі, Риддер ЖЭО-ның 80%-ның тозығы жетуінде. 9,4 млрд теңгеге 6 қазандық агрегаты мен жылумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Қазір мұнда күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қаржыландыру жағынан мәселелер бар. ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім берілді. Жоспар бойынша жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталады. Өкінішке орай ЖЭО-ның қарызы шамамен 1.5 миллиард теңге. Қыркүйек айында меморандум жасалып ақша бөлінсе, барлық қарыздан құтыламыз деп отырмыз, -деді Дархан Қосантаев.
Ынтымақ Толқын