Экономика

Өңірге туристерді тартатын кез жетті

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі және туристік индустрияны дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың өңірде іске асырылуы талқыға салынып, агроөндірістік кешен жерлерін түгендеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарының қорытындысы қарастырылды. Облыс әкімі өңірдегі туристік нысандардың жаңа маусымға дайындығын пысықтап, Шығыстың туризм нарығын барынша қарқынды жарнамалау керектігіне ерекше назар аударды.

Өңірге туристерді тартатын кез жетті

Насихат топтарының жұмысын жетілдірген жөн

Аймақ басшысы дін істері басқармасы іс-шаралардың негізгі бөлігін ислам өкілдерімен жүргізе отырып, біржақты жұмыс істемеуі тиіс екеніне жіті көңіл бөлді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда өңір аумағындағы барлық он бір конфессияның өкілдері қатысуы керек.

– Саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен жұмыла жұмыс істеген аса маңызды. Ал дінтану секілді мектеп пәніне қатысты айтар болсақ, мұнда білім басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнату қажет, бұл сабақтар қалай жүргізіледі, онда не туралы айтылады, осының бәрін зерделеу керек, – деп атап көрсетті Бердібек САПАРБАЕВ.

Дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхамеджанов өз баяндамасында былтыр және үстіміздегі жылдың басында аймақта қандай іс-шаралар өткізілгенін айтты. Сонымен қатар, ол Шығыс Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарында құрылған ақпараттық-насихат топтарының қызметі туралы мәлім етті. Жуырда ғана осындай топ Көкпекті ауданының тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізген. Мұнымен қоса, өңірде «Тең-теңімен» акциясы ұйымдастырылды. Ал бір апта бұрын Өскеменде аудандық мешіттер бас имамдарының жиыны болып өтті, аталмыш басқосуда олар дәстүрлі емес діни ағымдардың пиғылын тұрғындарға түсіндіру бойынша тәжірибе алмасып, діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен танысыпты. Бұдан бөлек, облыстағы барлық 14 түзеу мекемесінің кітапханаларындағы әдебиеттер толық тексеріліп шыққан.

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің орынбасары Жақсылық Омарға ақпараттық-насихат топтарының қызметін жетілдіру, олардың алыстағы ауылдарға да баруын қамтамасыз ету және өзге бейінді басқармалармен тығыз байланыс орнату жөнінде тапсырма берді. Аймақ басшысы имамдардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға көмек көрсетіп жатқандарын мысалға келтіріп, осындай қайырымдылық шаралары жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

Тағы бес жоба ұсынылады

Бұдан соң мәжілісте туристік индустрияның келешегі зор бағыттарын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның іске асырылу барысы туралы есеп тыңдалды. Облыс әкімі осы тұжырымдама қабылданған кезде туристік әлеуеті жоғары бес өңір таңдалып алынғанын еске салды, сол бес аймақтың қатарына Шығыс Қазақстан да енген болатын.

Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ержан Сембинов өз баяндамасында 2010 жылдан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ұсынылған төрт жобаның үшеуі іске асырылғанын жеткізді. Олардың ішінде «Алтай Альпісі» тау шаңғысы базасын жаңғырту, «Нұртау» курортын қайта құру және Алакөлдің жағасында қонақ үй кешенін салу бар. Тек Алакөл маңындағы қонақ үйдің құрылысы жүргізілмей қалған, өйткені, жаға бекіту бойынша мәселелер туындапты. Қазіргі кезде оны бағдарламадан алып тастау туралы өтініш берілген. Басты мәселе – Шығыс Қазақстанға келуші туристер саны қысқарып кеткен. Аймақ басшысы мамандар жарнамалаумен және шақыртулар таратумен белсенді айналысуы тиіс екенін айтып, басқарма жұмысын қатаң сынға алды. Сондай-ақ, аудан-қалаларда осы салаға бекітілген қызметкерлер жоқ, бұл да туризмді дамытуға кедергі келтіруде.

– Бүгінгі таңда облыста туризм саласының 277 нысаны бар. Барлық мәселелер мен олқы тұстарды білеміз және солар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Көптеген сайттарда біздің демалыс базаларымыз туралы ақпараттар бар, біз көршілес мемлекеттердің елшіліктерінде аккредитациядан өткенбіз. Таяуда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм жөніндегі комитетіне бес жаңа жобаны, сонымен бірге саланы дамыту жөніндегі қосымша бастамаларды ұсынбақпыз, – деді Ержан Сембинов.

Бердібек САПАРБАЕВ Қырғыз еліндегі жағдайларға баланысты Ыстықкөлде туристердің азайғанын атап өтті, ендеше демалушылар Алакөл, Рахман қайнары, Бұқтырма сынды баламалы орындардың бар екенін білулері тиіс. Аймақ басшысы туризм саласы – экономиканы өркендетудің басты бір резерві екенін қадап айтты.

– Бізге аңшылық пен экотуризмді дамыту үшін балық инспекциясымен, орман шаруашылықтарымен жұмыла жұмыс істеу қажет. Қазіргі кезде туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен аудан-қала әкімдері демалыс нысандарын, әсіресе, проблемалық нысандарды тексеруі керек. Осы істі маусым басталғанға дейін атқарып үлгерген жөн, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы демалыс аумақтарын санитарлық тазарту, көгалдандыру және ондағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен шұғылданатын кәсіпорындар құру қажеттігіне де тоқталды.

Қайтарылған жерлер қалай пайдаланылып жатыр?

Сондай-ақ, жиында былтыр өткізілген ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу мәселесі талқыланды. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков ұсынған мәліметтер бойынша, инвентаризациялау 6,5 миллион гектар аумақта жүргізілген. Тексеру Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар, Шемонайха аудандары мен Семей қаласында өтіпті.

Нәтижесінде 875 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Оның 86 мың гектары – егістік, 168 мыңы – тыңайған жерлер, 17 мыңы – шабындық, 84 мыңы – жайылым. Басқарма мамандары жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару үшін барлық шараларды қолдануда. 2009 жылмен салыстырғанда бос жатқан егістік жерлердің аумағы 40 пайызға қысқарған.

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ атқарушы органдардың телімдерді мемлекет меншігіне қайтару және пайдалану жұмыстарын сын тезіне алды.

– Статистика бойынша қайтарылған егістік жерлердің 30 пайызы ғана қолданылуда. Неге? Біз тұрғындармен жүздескен кезде, олар: «Малымызды бағатын жер жоқ» дейді. Инвентаризация пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру үшін жүргізілді емес пе? Заңға сәйкес шаруа қожалығының жетекшісі бос жатқан жерлерін қайтаруы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Қонысбай Төлеубековтің айтуынша, барлық пайдаланылмай жатқан жерлердің басым бөлігі – жайылымдар. Ал көптеген елді мекендердің айналасындағы жерлер меншікте. Жырақтағы жайылымдар аз қолданылады. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов отарлы мал шаруашылығының бұрынғы жүйесіне көшсе, яғни, табын жинап, оны жаз бойы жайлауда бақса, мәселе шешілетінін айтады. Бердібек САПАРБАЕВ бұл ойды қуаттап, ұсынысты қарастыруды міндеттеді.

– Жер бос жатпауы тиіс, тым болмағанда жайылым үшін қолданылуы қажет. Бұл – аудандарға қатысты. Ал қалалардағы жер телімдерін алып-сату ісін доғару керек. Бір учаскенің бірнеше мәрте сатылуын бақылауға алған жөн, – деді облыс әкімі.

Дүйсембай Селиханов, сонымен қатар, облыста суармалы жерлерді қолдану мәселесі туындап отырғанын да жеткізді. Қазіргі кезде аймақта 205 мың гектар суармалы жер бар. Басқарма жетекшісі осы телімдердің бәрі де суарылатынына күмән келтіруде. Жазда барлық аудандарға облыстан тексеру бармақ. Себебі, суармалы жерді игеру бағдарламасына бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.

Тек Зайсан ауданына ғана арналарды салып, гидротехникалық имараттарды жөндеу үшін 1 миллиард теңге қарастырылған.

– Біз суармалы егін алқаптарын 5-6 мың гектарға ұлғайтуға тиіс болатынбыз. Нәтиже қайда? Елбасы агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сурамалы егін шаруашылығына мән берілуде. Біз өз бағдарламамызды дайындауымыз қажет. Суармалы жерлерді қанша пайызға кеңейтіп, қандай қаржы көздерін қолдануға болатынын білген жөн. Шығыс Қазақстан «Жаңбыр» бағдарламасына қатыса алған жалғыз өңір болды. Биыл осы бағдарлама аясында 680 миллион теңге бөлініп отыр, – деп атап өтті облыс әкімі.

Техниканы жаңаламай, мол өнім алу мүмкін емес

Жиында қарастырылған келесі мәселе – ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың кешенді жоспары. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтың келтірген мәліметтеріне сәйкес, соңғы бес жылда бұл бағытта айтарлықтай шаруа тыңдырылған. 16 миллиард теңгеден астам қаражатқа тракторлар мен комбайндар сатылып алынды. Бұл жыл сайын техниканы бес пайызға жаңалауға мүмкіндік беруде.

Бірақ, жекелеген аудандарда бұл қарқын көңіл көншітпейді. Абай, Аягөз, Бесқарағай, Тарбағатай аудандарының, Риддер қаласының шаруашылықтары тым аз техника сатып алған. Ең жоғары көрсеткіштер – Бородулиха, Зырян, Көкпекті, Ұлан, Шемонайха аудандары мен Өскеменде.

– «Нива» мен «Енисей» секілді ескі комбайндар соя, рапс, зығырды оруға мүлдем қауқарсыз. Үлкен сұранысқа ие бұл дақылдарды тек жаңа комбайндар ғана төкпей-шашпай жинай алады, – дейді сала жетекшісі.

Жоспарға сай 2014-2017 жылдар аралығында облыс қожалықтары 25 миллиард теңгенің 3500 техникасын сатып алуы қажет. Мемлекет жыл сайын осы мақсат үшін субсидия бөледі. Айталық, келесі жылы трактор немесе комбайн алуға ниетті шаруаларға көмек ретінде 800 миллион теңге қарастырылған. «ҚазАгроҚаржы» ұлттық холдингінің несиелеу бағдарламасы да табысты іске асырылуда. Тек шаруалардың бәрі бірдей өтінім берудің, құжат рәсімдеудің қыр-сырын жетік біле бермейді. Осы орайда оларға қолдау көрсету қажет.

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аудандар мен қалалар әкімдеріне шаруаларға несие рәсімдеу жөнінен заңгерлік көмек көрсететін мамандар бекітуді міндеттеді.

– Қазіргі кезде мемлекет қаржы бөліп отыр, несие алу мүмкіндіктері бар. Тек соларды пайдаланудың ретін білген абзал, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ еңбекақы өсімінің қарқынын тексеру туралы тапсырма берді. Расында да, кәсіпорындардың барлығы жалақы қорын ұлғайтты ма, жоқ па? Бұл – өте маңызды. Мұнымен қоса, аймақ басшысы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысының игерілу барысы небәрі 97,6 пайызды құрағанын жеткізді. Шамамен 2 миллиард теңге пайдаланылмаған. Облыс әкімі 1-маусымға дейін барша маңызды жобалар бойынша конкурстар жарияланып бітуі тиіс екенін міндеттеді. Шілде айында облыс әкімдігі Үкімет басшысы алдында әлеуметтік-экономикалық даму туралы есеп бермек. Ешбір қиындыққа қарамастан, осы уақытқа дейін облыс экономикасының өсу қарқыны жеті пайыздан кем болмауы тиіс.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button