Қоғам

Республикалық «Жас қанат» байқауына жолдама алды

Республикалық «Жас қанат» байқауына жолдама алды

Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында «Жас қанат» жас орындаушылар байқауының облыстық іріктеу туры өтті.
«Жас қанат» байқауы биыл 25-ші рет ұйымдастырылып отыр. Қазақ эстрадасындағы көптеген жұлдыздардың жолын ашқан, жас әншілердің елге танылуына мүмкіндік беретін бұл жобаның алар орны ерекше. Сондықтан болар, «Жас қанат» байқауына облысымыздың барлық қала, ауданынан 42 үміткер өтініштерін білдіріпті. Қазылар алқасының шешімімен іріктеуден 28 үміткер келесі кезеңге өтті. Ал ақтық сынға ең үздік деген 16 өнерпаз ғана жолдама алды.
Қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, профессор Альмира Нұрғожина қатысушылардың ішінен зайсандық Ісбек Наурызқан мен семейлік Парасат Отанды ерекше атап өтті.
– Ісбек Наурызқанның орындауындағы «Синяя вечность» әнін орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі, бұл музыкалық шығарманы орындау өте қиын. Болашақта Ісбек Наурызқанды классикалық әндердің орындаушысы ретінде көргім келеді. Ал бас жүлдені алған Парасат Отан бірнеше тілді жетік меңгерген. Демек, республикалық «Жас қанат» байқауының барлық талаптарына сай келеді деген сөз. Парасат біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін, – дейді Альмира Нұрғожина.
Байқаудың шарттары бойынша жеке орындаушылармен қатар вокалды ән ансамбльдері өзара сынға түсті. Өскемендік «До-star» тобының орындауындағы «Сарыарқа» акапелласы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы өнер және мәдениет бөлімінің басшысы Самат Қасенов болашақта бұл жастарды үлкен өнер сахнасынан көретініне кәміл сенетінін жеткізді.
– Байқаудың басты мақсаты – облыстағы ән өнерін дамыту, жастардың орындау шеберліктерін шыңдау. Алдағы уақытта Астанада өтетін республикалық «Жас қанат» байқауында біздің жастар топ жарады деп ойлаймын, – дейді Самат Қасенов.
Байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орынды Шалқар Мұхамғалиев, Мәдина Нұрғазина, Аяна Оразаева иеленсе, екінші орынға Жанерке Қабатаева, Малика Ахметжанова табан тіреді. Ал бірінші орынды зайсандық Ісбек Наурызқан алса, бас жүлдені семейлік Парасат Отан жеңіп алды.
Байқаудың бас жүлдесіне ие болған Парасат Отанның айтуынша, ол Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында жұмыс істейді екен. Негізгі мамандығы – музыка пәнінің мұғалімі.
– Байқауда екі әннен орындадық. Репертуарға шектеу қойылған жоқ. Бірақ әннің ұзақтығы үш минуттан аспауы керектігін алдын ала ескертті. Мұнда жас ерекшелігіне байланысты 30 жасқа дейінгі жастар бағын сынады. Шынымды айтсам, байқаудың бас жүлдесін жеңіп аламын деп ойламаппын. Осы сәтті пайдалана отырып, алғашқы ұстазым Аймұхамбет Бейсембековке алғысымды білдіремін. Облысымыздың намысын қорғап, орын алуға тырысамыз, – дейді Парасат Отан.
Осы орайда, сәуір айында өтетін республикалық «Жас қанат» байқауына қатысатын үміткерлерге басқарма тарапынан қолдау көрсетілетінін айта кеткен жөн.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button