Білім

Республикалық сайыста топ жаруға мүдделі

Биыл жас патриоттар форумы онлайн-режимде өтуде. Жиынның фронт-офисі ел Қарулы Күштерінің елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығында орналасқан.

Оған қатысатын Семей қаласының командасы 14 пен 16 жас аралығындағы 10 ұл мен бес қыздан тұрады. Жиынның ашылу күні олар Семей қаласының №49 орта мектебіне жиналды, онда «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді.

Оқушыларды жарыстың басталуымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтады.

– Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Әскери дайындық батылдық сияқты қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Олар болашақ Отан қорғаушыларға аса қажет, – деді №49 орта мектебінің директоры Гүлфариза Тоқтыбаева.

Айта кетейік, 28-30 қараша аралығында елімізде «Айбын-2020» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Биыл жиын алғаш рет онлайн форматта өтпек. Біздің облыс атынан сайысқа Семей қаласындағы көпсалалы Шәкәрім атындағы гимназияның «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы қатысуы тиіс.

– Биылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мектеп, лицейлердегі қатысушылар сайыстарды онлайн форматта өткізетін болады. Ал елордадағы сайысқа 17 облыс атынан 17 команда қатыспақ. Біздің команда жақсы нәтиже көрсетіп, гран-при алады деп үміттенеміз. Айта кету керек, өткен жылы «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы республикалық жиында екінші орынды жеңіп алған болатын, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Ерлан Рамазанов.

Республикалық жиын бағдарламасы бойынша қатысушылар «Айбын дарыны», «Біз біргеміз», «Айбын жұлдызы», «Смарт сарбаз-2020», «Саламатты жас сарбаз» және «Брейн ринг» атты байқауларға қатысады екен.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button