Білім

Республикалық байқауда олжалы болды

      «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі жас тарихшылардың арасында ұйымдастырылған «Менің кіші Отаным» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

    Бұл зияткерлік байқауға облыс командасының құрамында аймақтық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.

-Еліміздегі талантты оқушыларды анықтауға бағытталған бұл байқау осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Биыл елімізде қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты конкурс қашықтан онлайн режимде ұйымдастырылды. Бұл байқау жастарымыздың туған жерінің тарихына деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігін қалыптастырады. Жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін күшейту, туған жеріне деген мақтаныш сезімін арттыруды көздейтін сайыс барысында оқушылардың өлкетану мен Қазақстан тарихы пәндерінен алған білімдері сыналды,-дейді дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстағы ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының басшысы Гаухар Болатбекқызы.

????????????????????????????????????

Республикалық байқау екі тур бойынша өтті. Бірінші кезеңде оқушылар Қазақстан тарихы бойынша тестілеуден өтсе, екінші турда бейне-репортаж, видео, макет, эссе жазу сияқты төрт аталым бойынша сынға түсті.

Білім сайысының барысында жас тарихшылар шығармашылық жобаларын, алдын ала дайындалған бейнерепортаждарын ұсынып, туған өлкесінің тарихы, оның көрікті жерлері туралы эссе жазды. «Менің кіші Отанымның болашағы» тақырыбында макеттер жобасын қорғады.

Республикалық қорытынды кезеңде әр өңірден қатысқан 88 оқушы бәйгеге түсіп, бақ сынады. Қатысушылардың жұмысын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушылары мен ғалымдары бағалады. Байқау қортындысында Семей қаласындағы №2 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Татьяна Гейко «Менің кіші Отанымның тарихы» номинациясы бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Бородулиха ауданы, Камышенка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айбек Оразбекке республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының грамотасы табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге смарт-сағат, құлаққап сияқты қашықтан білім алуға қажетті сыйлықтар берілді.

    Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button