Сайлау-2022

Ресми қорытынды жарияланды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық облыстардың, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сайлау комиссияларынан хаттамалар жиналғаннан кейін ресми түрде хабарлады.

– 21 қарашада жарияланған сайлаудың алдын ала қорытындылары ресми хаттамалармен расталды. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес дауыстардың 50 пайызынан астамын алған кандидат республика Президенті болып саналады. Осылайша, 20 қарашадағы кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды, – деді Нұрлан Әбдіров.

Бюллетеньдерді барлығы 8 300 046 адам немесе сайлаушылардың жалпы санының 69,44 пайызы алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 456 393 қазақстандық немесе 81,31 пайызы дауыс берді.

«Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 сайлаушы немесе 5,8 пайызы белгіледі.

Жигули Дайрабаевқа 271 641 (3,42 пайыз), Қарақат Әбденге 206 206 (2,6%), Мейрам Қажыкенге 200 907 (2,53%), Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 (2,22%), Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 (2,12%) адам дауыс берді.

Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды деп санауға қаулы етті. Алдағы 26 қарашаны Президенттің Ант беру күні деп белгіледі.

Сонымен қатар премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кезекті отырысын ашып, Министрлер кабинетінің таяудағы жеті жылға арналған негізгі міндеті – сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру екенін атап өтті. Бұл бағдарламаның негізі – экономикадағы, әлеуметтік саладағы және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер.

Әлихан Смайылов басты мақсат – әділетті Қазақстанды құру үшін барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар ел тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға шоғырлануы тиіс екенін айтты.

– Үкіметтің күш-жігері экономиканы монополиясыздандыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталады, – деді ол.

 Айгүл Биданова

Осы айдарда

Back to top button