Ресейлік студенттер риза болып қайтты
Семей мемлекеттiк педагогикалық институты (СМПИ) академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Таулы Алтай мемлекеттiк университетінің география мамандығы бойынша білім алатын студенттерін қарсы алды.
Бұл бiз үшін жауапты істердің бірі болды. Себебі отыздан астам мамандық бойынша білім беретін Ресейдегі алдыңғы қатарлы оқу орнының бірімен байланыс орнату үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Оған мысал, өткен жылдың көктемінде СМПИ студенттері мен ұстаздары аталмыш ЖОО-да болып, мол тәжірибе жинап қайтқан. Ендігі тәжірибе алмасу жұмысын ұйымдастыру біздің үлесімізде.
Оқу тәжірибесі барысында Семейдің көрікті жерлеріне саяхат жасалды. Ресейлік қонақтар қаладағы биологиялық орталықтың жұмысымен танысып, геологиялық барлау колледжінің экспонаттарын және қарағайлы орманның тұмса табиғатын тамашалады. Түйемойнақ аралында болып, Семей полигонына қойылған ескерткішті көрді, полигон жайындағы қызықтырған сұрақтарға жауап алып, тың мәліметтерге қанықты.