Ресей ғылымы мен мәдениетінің орталығы ашылды
«Білімдінің қолы ұзын,
Сан биікті алады» деп Баласағұн айтқандай, дәл білім саласындағы достық һәм әріптестіктің мұраты қашанда биік. Сондай асыл мұраттың бір кереметін өткен жұма күні Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 9-шы оқу корпусында өткен Ресей ғылымы мен мәдениеті орталығының ашылу салтанатынан байқадық.
Жалпыға белгілі, Ресейдің Барнаул қаласы мен Өскемен қаласы бауырлас қалалар болып табылады. Осы туыстықты беріктендіре түсу мақсатында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен үстіміздегі жылдың наурыз айында көршілес Алтай өлкесінде маңызы зор мереке болып өткен Шығыс Қазақстан күндері шеңберінде сол өлкенің орталығы Барнаулдағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінде қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылған-ды.
– Қашанда өзара тығыз байланыс адамдарды ерекше жақындастыра түсетіні белгілі. Бұл жолғы келуіміздің басты мақсаты да сол. Бірлескен білім бағдарламаларын жасап, енгізу, оқытушылармен алмасу, студенттердің ғылыми тәжірибеден өтуін басшылыққа ала отырып, біріккен халықаралық жобалар жасау, тағы басқа негізді шаруалар атқару мақсұт етілген бұл сапар алдағы уақытта нағыз іскерлік байланысқа ұласады деп сенемін, – деді орталықтың ашылу салтанатында Иван Ползунов атындағы университеттің ректоры Олег Хомутов.
Қазақстандық білім берудің сапалы деңгейін, оқу үрдісін модернизациялаудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан ШҚМУ бүгінде студенттердің ғылыми жұмыстармен кеңінен айналысуына мүмкіндік жасап келеді. Соның бірегей мысалын оқу орнының студенттерінің көптеген халықаралық білім сайыстарында алдан көрініп жүргенінен анық байқауға болады.
Ілім-білімдегі ілгерілеген тұстарды қамти сөйлеген ШҚМУ ректоры Мейір Ескендіров алдымен осындай байланысқа даңғыл жол ашқан өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ еңбегін атап өтіп:
– Бүгінгі әдебиет деген дүние кейін ысырылып қалып тұрған заманда әр студентке өзге тілдің де ғажабын сіңіру мақсатында ашылып отырған орталықтың берері көп болады деп ойлаймын. Дәл бүгін дүниеге келген орталыққа сыйға тартып жатқан танымдық тұрғыдағы кітаптарыңыз, оқулықтар мен орыс тілін тереңдетіп оқытуға арналған техникалық құралдарыңыз бен орыс халқының бұйымдары біздің студенттердің білімге, әсіресе, тілге деген ұмтылыстарын негіздей берері сөзсіз. Бәрі үшін де бек ризамыз, – деуі өзара рухани байланыстың нығаярына сендіре түскен.
Орталықтың керілме-лентасын қиған соң қазақстандық әріптестерімен кездескен ресейлік делегация мүшесі, Алтай өлкелік білім және жастар ісі басқармасы бастығының орынбасары Ирина Агафонова, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Думанғазы Арғынғазин, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев жаңадан өмірге келген орталықтың екі ел арасындағы тек тілдік қана емес, жалпы қарым-қатынастың алтын көпірі болатынына сенетіндерін әдемі әдіптеп жеткізген.
Білімдегі тығыз байланыстың қайтарымды белгісіндей болған салтанаттың соңында Мейір Ескендіров алтайлық әріптесінің иығына шапан жапса, Олег Хомутов Ресейдің алтын кітапханасының қорына енген кітаптар жинағын сыйға тартты.