Шағын ЕХРО-2014

Өңірдегі бекіре тұқымдастарды сақтап қалуға мүмкіндік бар

	Өңірдегі бекіре тұқымдастарды сақтап қалуға мүмкіндік бар

Жоба жетекшісі – Константин Цикалов. Елімізде балық аулау көлемі 1960-1990 жылдар аралығында едәуір төмендеген. Мұндай жағымсыз тенденцияның бірінші себебі Арал теңізінің тартылуына байланысты болса, екінші себебі сол кездегі жүйе қалыптастырған қанағатсыздық пен табиғатқа деген аяусыздықта еді.
«Жасыл экономика» идеясын жүзеге асыру үшін балық шаруашылығында да кезең-кезеңмен мәдениетті өндіріске көшу талабы туындап отыр. Бұрынғыдай көзсіз аулауды тиып, балық шаруашылығын тауарлы өндіріске айналдыру жоғарыда айтылған жағымсыз тенденцияға тосқауыл болар еді. Жасанды су қоймаларында бекіре тұқымдас балықтарды өсіру Шығыс Қазақстан үшін таңсық емес. Өңірдегі су қоймаларының көбі балық шаруашылығына бағытталған. Жыл сайын Бұқтырма су бөгенінде 6-9 мың тонна балық, Шүлбіде – 100-360 тонна, Алакөлде – 200 тонна, Ертістен – 5-15 тонна, өзге өзендерден 10-15 тонна балық ауланады. Бүгінгі таңда аталған қоймалардағы балықтарды қорғау және керекке жарату ісі темірдей тәртіпке бағынады деп айтуға келмейді. Жасанды су бөгендерінің ағыстарды тежеуі салдарынан балықтар миграциясының бұзылуы, Ертістің басынан өндірістік қалдықтармен лайлануы, жекелеген балықшылардың ұдайы ау салуы сынды себептер соңғы он жылда балықтың санын күрт төмендетіп жіберген. Әсіресе, сүйрік пен сібір бекіресі сынды «тірі пайдалы қазбалар» құрудың алдында тұр. Бұл бүкіл әлемді алаңдатып отырған мәселе болғандықтан, жетекші елдер балықтың көбеюіне тікелей араласудан гөрі жасанды жағдайда балық өсіруді дамытып жатыр. Ал Қазақ елімізде жасанды жағдайда балық өсіру үшін сапалы азық әзірлей алатын, инкубациялау тәжірибесі бар ғылыми мекеме жоқ. Осының барлығын ескерер болсақ, аталмыш жоба – аймақтағы бекіре тұқымдас балықтарды сақтап қалуға мүмкіндік берер бірегей жоба. Жобаны жүзеге асырмас бұрын, өңірде кездесетін бекіре тұқымдас балықтардың қоректену режимі, ағзасы түгелдей тексеріледі де, соған орай жасанды су қоймаларында екі мәрте тәжірибе жүргізіледі. Тәжірибе нәтижесіне сәйкес жобаға түзетулер енгізіліп, шаруашылыққа таратылады.
Бұл жобадан не күтуге болады? Біріншіден, балық шаруашылығына инновациялық технологиялар енгізіледі. Екіншіден, халықтың балық өнімдерін тұтыну талабын қамтамасыз ету арқылы табиғи жағдайда өмір сүріп жатқан балықтарды қорғап қаламыз. Жұмыс орындарының пайда болуымен әлеуметтік мәселелер де шешімін табады. Балықшылықты кәсіп еткен жұмысшылардың еңбекақысы артады. Ең бастысы, құрудың алдында тұрған бекіре тұқымдас балықтарды сақтап қалып, шаруашылықтың бұл бағытын тоқыраудан құтқаруға мүмкіндік туады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button