Өңірде діни ахуалдың діңгегі мықты
Шығыс Қазақстанда діни ахуал тұрақты. Осыған дейін өңірде дінге қатысты қандайда бір келеңсіз оқиғалар орын алған емес. Мұның өзі облыстағы әлеуметтік-экономикалық алға басумен, әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығымен тікелей байланысты болып отырғаны сөзсіз. Бұл жөнінде облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің ағымдағы жылғы алғашқы мәжілісінде облыстық дін істері жөніндегі департаментінің директоры Манарбек Мұхамеджанов мәлімдеді. Кеңестің жұмысына облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев және кеңес мүшелері, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Алғашқы баяндаманы жасаған Манарбек Мұхамеджанов облыстағы дәстүрлі діни ұйымдардың атқарып отырған жұмыстары туралы ақпарат берді. Бүгінгі таңда олардың еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықтың беріктігі мақсатында қолға алған істеріне көңіл толады. Дегенмен, назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауда ұстайтын жайттар да жоқ емес. Мәселен, облыста заңсыз жұмыс істеп жатқан діни ұйымдардың бар екені анықталған. Оларға қарсы бірлесіп әрекет ету қажет. Қазақстан Республикасындағы жаңадан қабылданған «Діни қызмет және дін ұйымдары туралы» Заңға сәйкес барлық діни ұйымдар үстіміздегі жылдың қыркүйегіне дейін қайтадан тіркеуден өтуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, олардың қызметі заңсыз деп танылмақ.
Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Серік Жеңісов діни төзімділікті қалыптастыру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық-насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру туралы баяндама жасады. Баяндамашы өңірдің негізінен қазақ ұлты көбірек мекендейтін Тарбағатай, Зайсан, Аягөз аудандарында дәстүрлі емес діни ұйымдардың жұмысы байқалып отырғандығын атап өтті. Сонымен қатар Павлодар облысына жақын болғандықтан Семейге іргелес Бесқарағай, Бородулиха аудандарында христиандық ағымдағы дәстүрлі емес діни ұйымдар жұмысы анықталған. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдерін мешіттер ішінен іздегендері дұрыс емес. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаментінде жиналыс өткізілген. Сонымен қатар ақпараттық-насихаттау топтарының жұмысын ширату қажет. Олар санға емес, сапаға қызмет еткені абзал. Топтардың құрамында ішкі саясат бөлімінің маманы, дін өкілі міндетті түрде болу керек. «Мысалы, Глубокое ауданындағы аталған топтың құрамында 14 адам бар, ол тым көп. Керісінше, Абай ауданында әр округке бір адамнан ғана жіберілген. Зайсан ауданында тек мектеп оқушыларымен ғана әңгіме өткізілген» дейді С.Жеңісов.
«Облыстың басты басылымдары «Дидар» мен «Рудный Алтайда» діни тақырыпта 136 материал жарық көрсе, облыстық телеарнада арнайы хабарлар бар. Ал аудандық, қалалық газеттерде айына бірден ғана материалдар шығады. Ол аз, осыны аудан әкімінің орынбасарлары бақылауға алғаны дұрыс» дейді тағы да басқарма бастығының орынбасары.
Кеңесте облыстағы православ шіркеулерінің қызметтері және жаңадан құрылған епархияның ағымдағы жылғы міндеттері жайлы Өскемен және Семей өңірінің епископы Амфилохий баяндады. Ол биыл жұмысын қайта бастаған епархияның Өскемен бойынша өткен тарихына тоқтала келе, өңірдегі көптеген храмдарда дінбасылардың, білікті діни сауатты кадрлардың жоқтығын жеткізді.
«Облыстың кей аудандарында шіркеу-лер жетіспейді. Жергілікті христиандардың өтініші бойынша шіркеу болмаса да, мінәжат ететін үй болса, соған қолдау болса» дейді ол. Сонымен қатар православ шіркеулерінің қызметкерлері облыстағы колонияларда да жиі болып, ондағы бауырларға уағыз айтады. Мұндағы проблема колониялардың ішінде құлшылық ететін орындардың жоқтығы. Амфилохий сондай-ақ, өңірдің епархиясының тыныс-тіршілігінен мәліметтер келтіріп, қазіргі кезде христиан православиесі туралы толыққанды ақпар беретін жеке сайттың жұмыс істеп тұрғанын, қалалық «Қалкен-ТВ» телеарнасынан, «Микс» радиосынан арнайы хабарлар шығатынын, таяуда епархиялық жексенбілік мектеп ашылатындығын тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар – Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары Р.Атаева ақпараттық-насихаттау топтары жаратқанға сенушілігімізді түсіндіре білсе десе, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары Т.Колтунова дәстүрлі емес дін өкілдері санатындағы Иегова куәгерлерінде кітап-журналдар жетіп артылатынын, ал біздегі ақпараттық-насихаттау топтарында қажетті діни тақырыптағы әдебиеттердің жетіспейтіндігін атады. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары А.Нұрғазиев кадрлардың тапшылығын атап, қажетті әдебиеттерді іздегенде интернеттің көмегіне жүгіну жөн екендігін жеткізді.
Кеңестің отырысын қорытындылаған облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев кеңес жұмысын алдағы уақытта жиі ұйым-дастырып отыру қажеттігін және онда ақпараттық баяндамалар жасаулармен ғана шектелмей, өңірдегі діни ахуалға нақты сараптама жасап әкелулері керектігін ескертті. Кеңестің күн тәртібіне қоғамды алаңдататын жағдайларды мәселе етіп көтерген жөн. Сондай-ақ, ақпараттық-насихаттау топ-тарының құрамын тағы бір қарап шығып, оларды әбден дайындап жіберу қажет. Діни білімі шамалылар, қалайша елдің арасына барып үгіт-насихат жасамақ. Тек есеп беру үшін ғана оларды жасақтап, аудандарға жіберудің тиімділігі шамалы. Келесі бір кеңестің отырысына сондай топтардың бірін шақыртып, біліктілігімен, жұмыстарымен танысу да артықтық етпейді. Ауылды жерлерде дін ісімен айналысатын мамандар біреуден ғана. Оның өзіне басқа да қосымша жұмыстар жүктелген. Яғни, оның бәріне үлгеруге мүмкіндігі жетпейді.
Сонымен бірге кеңестің жұмысының қорытындысында облыстық ішкі саясат басқармасына аталған тақырыпты кеңінен қаузайтын ортақ телебағдарламаның жос-парын ай көлемінде әзірлеу тапсырылды.
– Оған барлық дін өкілдері қатысуы, барлық проблемалар қамтылуы тиіс. Сонымен бірге, мешіттерде, шіркеулерде өтетін жалпы халықтық тыңдауларға барып, қатысып тұрған дұрыс. Онда қарапайым тілмен адами құндылықтар түсіндіріледі. Бізде Талдау және болжау институты бар. Солар өңірдегі діни ахуалдың жайына бір сараптама жасасын. Келесі кеңестің отырысына нақты дайындықпен келсек, – деді облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев.