Өңірде 32 мектеп салынып жатыр
Қыркүйек айының алғашқы күні облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен қаласында оқушыларды білім күнімен құттықтап, Ұлан ауданының Ново-Одесск ауылында жаңа мектептің ашылуына қатысты.
Өңір басшысы әуелі Өскемендегі №11 мектеп-гимназияға бас сұқты. Бұл білім ошағы қаладағы 10 үздік мектептің қатарына еніп отыр. Жоғары және кәсіптік білім орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан гимназия тіл мамандары мен биология, химия, математика, физика пәндерінің мұғалімдерін дайындауда тірек мектеп деңгейіне жеткен. 2006 жылдан бері мұндағы жоғарғы сыныптар оқыту бағыттары бойынша қоғамдық-гуманитарлық, нақты-математикалық салаларға бөлінген. Бес жыл қатарынан №96 балабақшамен сабақтастық шеңберінде бірлесе жұмыс істеп келеді. Соңғы үш жылда білім ұясы ҰБТ қорытындысы бойынша қаладағы 10 үздік мектептің қатарынан көрінуде. Өткен оқу жылында білім ошағының екі жүзден астам оқушысы қалалық, облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлде салған.
Білім мерекесіне өз лебізін арнаған облыс басшысы оқушыларға әркім өзінің ары мен ата-анасының, білім нәрін құятын алтын ұясының алдындағы жауапкершілікті сезіне білсе, білім де, жетістік те ешқайда кетпейтінін түсіндірді.
– Кез келген мемлекеттің қарыштап дамуы ондағы білім сапасына байланысты. Сондықтан қай елде болмасын, бұл салаға баса көңіл бөлінеді. Біздің елде де Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізіп отырған саясаты ел болашағы саналатын өскелең ұрпақтың әлемдік стандарттар мен заманауи талаптарға сай білім алуына жағдай жасауға бағытталған. Біздің облыста да балалардың дұрыс тәрбие, лайықты білім алуы үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығы жасалуда. Биылдың өзінде ғана өңірде 32 мектеп салынып жатыр. Оның 27-сі апаттық жағдайдағы білім ошақтарының орнын алмастырады. Дәл мұндай елеулі өзгеріс облыстың білім саласында бұрын-соңды болып көрмеген, – деді аймақ басшысы.
Ол сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының басымдықтарына да тоқтала келіп, жыл сайын екі-үш мың түлек шетелден сапалы білім алуға аттанатынын атап өтті. «Облыс орталықтарында ашылған НАЗАРБАЕВ мектептері орта білімнің сапасын арттырса, Астанадағы НАЗАРБАЕВ университетінің 70-ке тарта оқу бағдарламасы барлық халықаралық талаптарға сай құрастырылған. Сондай-ақ онда әлемнің озық ойлы мамандары дәріс береді» дегенді айтқан өңір басшысы оқушыларға да ақыл-кеңесі мен ақ батасын берді.
Келбеті алыстан көз тартып тұрған мектеп ғимаратын 1976 жылы салынған дегенге сену қиын. Қасбеті толық жөндеуден өткен мектептің жанындағы хоккей модулі мен жасанды жабыны бар футбол алаңы білім ошағының айбарын асырып тұр.
– Мектептеріңіз жаңа келбетке енді. Осындағы спорттық нысандар сіздер үшін салынып отыр. Сіздер саламатты өмір салтын ұстанып, дендері сау, жетістіктерге ұмтылғыш болып өссін деген ниетпен жасалып отыр мұның бәрі. Ал жетістікке жету жолында үлгі тұтар қаһармандар баршылық. Кеше ғана Лондонда Әнұранымызды ойнатқан Ольга Рыпакова – облысымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Сондықтан беріліп отырған мүмкіндікті қалт жібермеулерің керек. Араларыңнан жеңімпаз спортшылар да, білікті мамандар да шығуы тиіс. Сол үшін де Қазақстанның мақтанышы болсам деген ниетпен оқуларың керек, – деді облыс Әкімі. Мұғалімдер мен ата-аналар да сөз алып, мектептің жаңа оқу жылын жаңа келбетпен қарсы алуына мұрындық болғаны үшін облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Ұлан ауданында биылғы оқу жылында үш бірдей жаңа мектеп қолданысқа берілмек. Соның бірінің ашылуы білім күнінің қарсаңында өтті. Ново-Одесск ауылының жұрты Кеңес дәуірінен бері орта білімді Саратовкадан алып келген. Бүгіннен бастап олар өз ауылдарында білім алу бақытына ие болып отыр. 130 орынға шақталған мектепте Отрадное ауылының да балалары оқитын болады. Сөйтіп, екі ауылдың балалары Саратовкаға сенделмейтін болған. Жаңа мектеп Ауған соғысына қатысып, жиырмаға толар шағында әскери тапсырма орындау барысында қаза тапқан Базылбек Ахметовтің есімін алып отыр. Салтанатты шараға жырмен шашу шашқан белгілі ақын Нұртай Тілеужанұлы батыр ұлдың ерлігін дәріптей келіп, осы ортада боздақтың анасы Шәмша Ахметованың отырғанын тілге тиек етіп, көпшіліктің атынан қайсар анаға басын иді.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ елімізде білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында жасалып жатқан істер мен олардың мән-маңызына тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, кеңес үкіметінің тұсында да бұл жерде мектеп болмаған. Осыдан үш жыл бұрын сіздер маған Отрадное мен Ново-Одесск ауылдарына бір мектептің қажет екенін айтып, өтініш білдірген едіңіздер. Өтініштеріңізді орындауға уәде бергенмін. Берілген уәде орындалды. Ауылдарыңызда өмірдің барлық талаптарына сай жаңа мектеп бой көтеріп, бүгін ашылып отыр. Бұдан былай балаларыңыз анау Саратовкаға таңның атысы, күннің батысымен шұбырмайтын болды. Осы балалардың қамы үшін қысқа ғана уақытта мектепті салып бітірген Ержан Ысқақов бастаған құрылысшыларға рақмет. Кеңес үкіметінің кезінде осындай мектеп салу үшін Мәскеуге барып, рұқсат алатын. Барлық құжаты келісілгеннен кейін министрлік арқылы түсетін ақшаны күтетін. Сөйтіп жүргенде 2-3 жыл уақыт өте шығатын. Ал сіздердің мектептеріңіз 4-5 айдың ішінде тұрғызылды. Ендігі мақсат жаңа мектепті тоздырмай, жақсы ұстау керек. Сырты ғана емес, ішіндегі құралдар мен жиһаздар да жаңа болуы қажет, – деген аймақ басшысы жаңа білім ордасына сый ретінде «ГАЗель» автокөлігінің кілтін мектеп директоры Гүлмия Қабдрахмановаға табыстады.
Лентаны қию мәртебесі Шәмша Ахметоваға ұсынылды. Өңір басшысы ең бірінші мектеп асханасына бас сұғып, ондағы құрылғылардың сапасына назар аударды. Екінші кезекте спорт залдың жабдықтарымен танысқан ол мердігер «ПСК Өскемен-Құрылыс» ЖШС директоры Ержан Ысқақовтың спорттық жабдықтарды демеуші ретінде өз қаражатына алғанын атап өтті. «Бұл мектептен он саусағынан өнер тамған ісмерлер мен темірден түйін түйетін шеберлер көптеп түлейді-ау» деген ойда қалдық шеберхана мен тігін бөлмесін көргенде. Арнайы кабинеттерде жапондық тігін машиналары мен су жаңа станоктар қойылса, әр сыныпта мұғалімнің алдына жеке компьютер орнатылған. Интерактивті тақталар мен проекторлар да қажет кабинеттің бәріне қойылыпты.
Мектеп дәліздерінде жұмсақ жиһаздар бұрышы жабдықталған. Мектеп директорының айтуынша, бұл бұрыштар оқушылардың үзіліс барысында ой жинақтап, өзін-өзі тану пәнін қызықты өткізуіне арналса керек. Білім ұясының кітапханасын аралаған облыс басшысы мұндағы кітап қорының саны мен сапасына мән беру керектігін ескертті.
– Бұл мектепке оқушылар тасымалдайтын арнайы автобус бекітілген болатын. Сыйға берілген «ГАЗель» жұмысты одан әрі жеңілдететін болды, – дейді аудандық білім беру бөлімінің бастығы Қуат Оқасов.
Мектептің самаладай жарық акт залында аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен жүздесіп, ауызсу, балабақша мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап берді.