Мәдениет

Әрдайым қатарының алдынан көрінеді

Әрдайым қатарының алдынан көрінеді


Сонау 50-ші жылдардың соңында Тарбағатай сілемдері арасынан ұйтқи соққан боранды күндердің бірінде дүниге келген Бахытжол Абдрасұлқызы бүгінде әділет органдары ардагерлерінің қатарын толықтырып, зейнет жасына келіпті. Ақжар өңірінде Бахытжол Абдрасұлқызын білмейтін адам кемде-кем.

Әдетте біз жылы сөз іздегенде «аяулы ана», «сүйікті жар», «асыл әже» деген теңеулерді жиі қолданамыз. Мұндайда ең әуелі көз алдыңа жылы жерде немерелерінің жанында отырған, басынан орамалы, қолынан самаурыны түспейтін әйелдің образы келеді. Ал Бахытжолдың бойынан бір орнында тұрмайтын, ұршықша иіріліп, шегедей суырылып, тек алдыңғы қатарда оза шабатын, тік мінезді, шыншылдығымен талай адамды өз орнына қоя білетін қасиеттерді көруге болады.

Ұзақ жылдар үзеңгілес болып бірге жұмыс атқарған уақыт ішінде мен оның тек бір жағдайда ғана босаңситынын білемін. Әкесін «ағам» деп атайтын Бахытжол еңбек кітапшасын қолына алған сайын «ағам өз қолымен толтырып еді. Жалғыз естелік» деп көзі жасаурайтын.

1976 жылы Тарбағатай ауданында еңбек жолын бастаған қаршадай қыз 1977 жылы Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1981 жылы туған ауылына дипломмен оралады. Ауданда білікті мамандармен бірге 1985 жылдан бастап азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде жұмыс атқарған оның еңбегі туған жері мен елінің әр отбасымен ұштасып жатыр. 1998 жылдан еңбек жолын Өскемен қаласында облыстық АХАТ бөлімінде жалғастырған ол өз тәжірибесін облыс көлемінде қолдана білді. Үздік, адал еңбегі үшін Әділет министрінің грамоталарымен, «Әділет органдарына сіңірген еңбегі үшін» ведомстволық медалімен марапатталды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Президент Жарлығымен арнайы мерекелік медальға ие болуын еңбегінің бағаланғаны деп біледі.
Жолдасы Ғабдымүтәліп екеуі ұлдары Ерлан мен Сұңғатқа, қызы Лаураға білім беріп, үлкен өмір жолына тәрбиелеп жеткізді.

«Ата, апалап» жүгірген немерелеріңді ыстық құшағыңа қысқанда, артыңда қалған ізіңнің ең айқыны, ең бастысы – ұрпақ екенін сезінесің», – дейді Бахытжол Абдрасұлқызы.

Бағжан Салменова,
облыстық әділет департаментінің
бөлім басшысы

Осы айдарда

Back to top button