Білім

Өңірдің педагогтары біліктіліктерін арттырып жатыр

Өңірдің педагогтары біліктіліктерін арттырып жатыр

Облыстың бастауыш сынып мұғалімдері келесі оқу жылында 1-сыныптарда жұмысты жаңа талаптарға сәйкес бастау үшін оқу жылының соңғы қоңырауынан кейін бірден оқыту курстарынан өтіп жатыр. Өңірдің педагогтарының біліктілігін арттыру сабақтары Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде, №1 және №3 мектептерде ұйымдастырылған.
Аталмыш шараны Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен бірлесе отырып ұйымдастыруда. Мұғалімдерге арналған бағдарламалар педагогтардың жоғары кәсіби білім мен педагогикалық жұмыс тәжірибесін алуы үшін арнайы дайындалған.
Оқудың бұл кезеңі жоғары білімді және тәжірибесі мол бастауыш сыныптардың мұғалімдеріне, қазақ, орыс тілдері (екінші тіл ретінде), ағылшын тілі, өнер мен технология, музыка және дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдеріне арналған. Олар курсты Білім және ғылым министрлігі бекіткен бағдарлама бойынша сертификатталған тренерлердің көмегімен меңгеріп шығады. Семинарлардың ұзақтығы пәнге байланысты 5 күннен 1 айға дейін созылады. Курс аясында педагогтар оқыту мен оқудың әлемдегі өзекті әдістемелерін, критериялық бағалау жүйесін, жұмысты жаңаша жоспарлау, пәнаралық интеграция, саралап оқыту, минимакс ұстанымы және басқа да көптеген жаңа тақырыптарды терең меңгереді. Бірінші күннен бастап әрбір тыңдаушыға Педагогикалық шеберлік орталығының www.cpm.kz. білім беру порталынан қолжетімді онлайн-материалдары бар оқу-әдістемелік кешен беріледі.
– Мен Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған курста оқып жатырмын. Мектепте 12 жыл жұмыс істеп келемін. 2012 жылы біліктілік бойынша деңгейлік курсынан өткендіктен, осы бағдарламада ұсынылған оқыту мен оқудың жаңа тәсілдерін пайдалану бойынша жалпы тәжірибем бар. Сондықтан бірінші күні материалды меңгеру қиын болып көрінсе де, қазір бейімделе бастадым. Оқытуда спираль идеясы негізіндегі критериялық бағалаудың көмегімен білім алушының оқудағы жетістіктерін объективті бағалау қажет екенін түсіндім, – дейді Аягөз қаласынан келген Шынар Құсайынова.
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажинаның берген деректеріне сүйенсек, аталмыш білім ордасында қазір ағылшын тілі пәнінің 62 мұғалімі курстан өтуде. Тыңдаушылардың пікірі бойынша, мұнда өнімді оқыту үшін жайлы жағдай жасалған. Курс соңында мұғалімдер республика өңірлерінде онлайн режимінде тестілеуден өтеді. Оның тапсырмалары «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-да қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленеді. Тестілеу нәтижелерін өңдеу және тапсыру автоматты түрде өткізіледі.
Осы курс аяқталысымен, бір айдан кейін Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 124 ағылшын тілі мұғаліміне арналған оқыту курсы қайта басталады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button