Өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты

Біздің облыс бірнеше сала бойынша Германиямен әріптестік орнатуда. Бұл жөнінде Германияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннердің Шығыс өңіріне жасаған ресми іс-сапары барысында белгілі болды.

Іс-сапардың негізгі мақсаты  – Шығыс Қазақстанның әлеуетін саралап, экономикалық ынтымақтастық орнату болды. Тило Клиннер бастаған шетелдік кәсіпкерлерге  Өскемендегі инвестициялық орталықта облыстың инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ  делегация «Казцинк» ЖШС мен «ҮМЗ» АҚ аралады.  Облыс әкімі Даниал Ахметов елші Тило Клиннерді қабылдады.

– Бүгін сіздер ынтымақтастық орнату бағытында толық ақпарат алды деген сенімдемін. Сіздің  бұған дейінгі біздің өңірге жасаған іс-сапарыңыз барысында біз бірлескен жұмыстар жайында айтып, жұмыс тобын құру жөнінде келіскен болатынбыз. Бүгін міне, өзіңіз жаңадан құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысына қатыстыңыз. Біз өз тарапымыздан ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау және туризм салалары бойынша сіздердің елдеріңізбен ынтымақтастық орнату жөнінде хат жолдаған едік, – деді Даниал Ахметов.

Өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты

 

Тило Клиннер  ІТ саласында жұмыс істейтін германиялық компанияның Қазақстандағы бөлімшесі болып келетін SAP Kazakhstan компаниясының «Казцинк» ЖШС-мен және «Азия Авто» АҚ-мен екі түсіністік меморандумына қол қойғанын атап өтті. «Азия Авто» АҚ-мен қол қойылған келісім Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында құзыреттілік орталығын ашуды көздейді.

– Өзімнің соңғы жолдаған хатымда мен аталмыш салаға  сараптамалық білімді тарту мүмкіндігі туралы айттым. Бізде бұл тақырыппен Фридберг қаласында орналасқан университет айналысады. Әрі қарай Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-мен бірлескен жұмыстар жайын талқылайтын боламыз. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз өте жоғары. Қазақстан  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Берлин қаласына жасайтын іс-сапары кезінде Қазақстандағы байыту фабрикаларының қалдықтарын қайта өңдеу жайында сөз қозғалады, – деді Тило Клиннер.

Азамат Темірбеков