Сайлау – 2021

Әрбір сайлаушының дауыс беруге құқығы бар

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалғаны белгілі. Жауапты науқанға біздің өңірде дайындық қалай жүргізілуде? Бұл жөнінде біз Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтен сұрап білген едік.

 – Ерсайын Ахметуәлиұлы, бұл жауапкершілігі үлкен шаруаға біздің облыс қашаннан бастап кірісті, қанша партия қатысады және олардың алдағы сайлау науқанына қатысуға дайындалуға уақыттары жеткілікті болды ма?

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» 2020 жылғы 21 қазандағы №439 Жарлығына сәйкес және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» 2020 жылғы 21 қазандағы №29/335 Қаулысы негізінде Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 2020 жылғы 10 қарашада сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысқа кірісті.

Алдағы сайлау конституциялық мерзімде, 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді. Елімізде алты саяси партия тіркелген. Барлық саяси партиялардың алдағы сайлау науқанына қатысуға дайындалуға, сайлауалды тұғырнамасын әзірлеуге, партиялық инфрақұрылымын жетілдіруге жеткілікті уақыты болды.

Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Сонымен бірге саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді әрі саяси партиялардың қызметін жандандырады.

– Партиялық тізімдерде әйелдер мен жастардың үлесі қанша пайызды құрайды?

– Сондай-ақ алғаш рет әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма әйелдер мен жастарды Парламентке және жергілікті өкілді органдарға тартудың тиімді тетігі болмақ. Мұның өзі олардың елдің қоғамдық-саяси процестеріне неғұрлым белсенді қатысуына жәрдемдесетін болады.

Шығыс Қазақстан облысында 1039 сайлау комиссиясы құрылды. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында аумақтық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Облыста 900 мыңнан астам сайлаушы бар.

Дауыс беру күні 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы белсенді сайлау құқығына ие және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға құқығы бар.

– Сайлау кезінде сайлаушылардың құқығы қаншалықты толық сақталады және олар өздеріне қажетті ақпараттарды қайдан ала алады?

– Ел азаматының сайлаушылар тізімінде болуы сайлауға қатысуға конституциялық құқықты іске асырудың кепілі болып табылады. Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар құрайды.

Нақты сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу Қазақстан азаматын сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады. Сайлау учаскелерінің шекаралары облыстық «Didar» (03.11.2020 ж. №131) және «Рудный Алтай» (03.11.2020 ж. №131) газеттерінде жарияланды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сайттарында орналасқан.

Әрбір сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы. Ол үшін біздің облыста 19 Call-орталық құрылды, олардың мекенжайлары бойынша ақпарат жергілікті атқарушы органдардың сайттарында орналасқан. Сонымен қатар электрондық қызмет көрсету орталығында «Өз сайлау учаскеңді тап» қосымшасы бар.

– Егер сайлаушы сайлау күні дауыс беретін жерге келе алмайтын болса, онда не істеуі қажет?

– Егер сайлаушының сайлау күні тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келуге мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған жағдайда, онда ол 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, өзінің болатын жері бойынша әкімдікке оны сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы.

Егер сайлаушы өзі тіркелген тұрақты жерінен тыс елді мекенде болса және тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркелген болса, онда ол 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні дауыс беретін сайлау учаскесін сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен өзі уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылы.

Сондықтан біз әрбір сайлаушыға құқықтық сауаттылығын танытып, өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруларын сұраймыз. Олар өздерін сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақтылы қабылдауы қажет. Айта кетейік, 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап, әрбір сайлаушыға өзінің сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен өзі туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.

Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

Back to top button