Сайлау – 2021

Оқыту семинары өткізілді

Облыстық сайлау комиссиясы саяси партиялардың өңірдегі филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша оқыту семинарын өткізді.

Ал аймақтағы аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері семинарға бейнебайланыс режимінде қатысты.

Семинарда Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев пен оның орынбасары Жанар Алқанова қатысушыларға алдағы 25 шілдеде өтетін сайлаудың барлық рәсімдерін, нормативтік нормасын және сайлау туралы заңнама аясында атқарылатын шаруаларды түсіндірді.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 2021 жылғы 24 мамырда аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын қарастыратын сайлау заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын.

– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 113-1 бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалалық және Шығыс Қазақстан облысы аудандарының аумақтық сайлау комиссияларымен 2021 жылғы 25 шілдеде облыстың 16 өңірінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің 77 әкімін сайлау тағайындалған. Қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларымен  әкімдерді сайлау бойынша сайлау округтері құрылып, ауылдық деңгейдегі әкімдер сайлауын дайындау және өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарлары бекітілді, – деді семинарда Ерсайын Нәбиев.

Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, бүгінгі уақытта облыста 247 ауылдық округ әкімі бар болса, осы сайлауда солардың 77-не ауыл тұрғындары дауыс бермек.

Жанар Алқанованың айтуынша, биылғы 26 маусымнан Шығыс Қазақстан облысында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдігіне кандидаттарды ұсыну рәсімі басталған. 2021 жылдың 1 шілдесіндегі  жағдай бойынша облыста 21 адам ұсынылды. Олардың барлығы ауыл әкімі болуға өзін-өзі ұсынғандар.

Сондай-ақ, әкімшілік аумағында ауылдық округі жоқ Өскемен, Курчатов, Риддер қалаларында сайлау өткізілмейді, керісінше құрамында төрт ауылдық округі бар Семей қаласында сайлау өткізіледі.

– Сайлау туралы барлық ақпараттар интернет-ресурстарда, дәлірек айтсақ, 16 аумақтық сайлау комиссияларының интернет парақшаларында орналастырылған. Қалалар мен аудандар әкімдерінің ресми сайттарында сайлау деген бөлім бар. Онда сайлауға дайындық жұмыстары және оны өткізу туралы ақпараттар орналастырылған, – деді Ерсайын Нәбиев.

Дәурен Аллабергенұлы

Back to top button