Құралайдың мүсіндеріне \”құда түсушілер\” көп
Жерлестері оны «мүсінші Құралай» деп атап кеткен. Кәсібі әйел затына тән болмаса да, әртүрлі тақырыпта тастан мүсін жасау Құралайдың сүйікті ісі. Зайсан қаласының ішінде орналасқан мүсіндердің бірқатары Құралайдың қолынан шыққан екен. Ал нәзік жанды мүсіншінің көптен бергі аңсап жүрген арманы – Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Сәбира Мұхамеджанованың мүсінін сомдау.
Құралай Рахымбаева негізі Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін арман қуып, өнер ордасы Алматы қаласына аттанады. 1992 жылы осындағы республикалық көркемсурет колледжін аяқтап, Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылының мектебіне келіп ұстаздық етеді. Кейіннен Семейдегі Жоламан мектебіне ауысады. Мектепте мұғалімдік қызметте жүріп, бар білгенін оқушыларына үйретеді. Өзі де сурет салудың, мүсін жасаудың қыр-сырын терең меңгереді. Сурет өнері нағашыларынан дарыған Құралай мұғалімдіктен кейін Семейдегі зергерлік кооперативіне жұмысқа орналасады. Мұнда ол зергерлік өнермен де танысып, өзіне керек деген тұстарын меңгере бастайды. Сол кезден бері белгілі мүсінші, суретшілермен тәжірибе алмасып жүреді. Қазірдің өзінде мүсін жасау барысында Алматыда жүрген курстас достарына қоңырау шалып, ақылдасып, кеңесіп отырады екен.
Құралай Рахымбаева уақыт өте келе Мақаншыдағы әскери бөлімге жұмысқа орналасып, сол жерден Зайсан қаласындағы әскери отрядқа ауысып келеді. Мүсінші Құралай отрядта жүргенде аттың үстінде отырған қазақтың хас батыры Қабанбайдың мүсінін сомдап шығады. Өзінің айтуынша, сәтті шыққан мүсіндердің бірі сол екен. Сондай-ақ, Зайсан қаласындағы Қайрат Рысқұлбековтың мүсіні де ел көңілінен шыққан.
Сәбираның тұлғасын сомдауды армандап жүр
– Қайрат Рысқұлбековтың мүсінін былтыр жазда он шақты күннің ішінде жасап шықтым. Екі жігіт көмектесіп жүрді. Ендігі арманым – кішкентайдан бірге өскен жан құрбым, Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болған Сәбира Мұхамеджанованың мүсінін жасап шығу, – дейді нәзік жанды мүсінші Құралай Рахымбаева.
Құралайдың басқа да тұлғалардың мүсінін жасауды армандағанымен, қолында арнайы лицензиясы жоқ. Құдайдың берген дарыны болғанымен, тілдей қағазың болмаса тұлғалардың мүсінін жасау мүмкін емес екен. Заңсыздық болып есептелетін көрінеді.
Зайсан қаласының ішінде Құралай жасаған он бір-он екі мүсін бар екен. Басқа аудандардан да тапсырыс түсіп жатады екен. Алайда әкімдікте мүсінші болып жұмыс істеп жүрген Құралайдың тапсырыс орындауға уақыты жоқ. Негізінен Құралайдың қолынан шыққан бір мүсіннің орташа бағасы 500 мың теңгеден жоғары екен. Ал шағын мүсіндері 100-120 мың теңгенің маңайында.
Қаланың орталығында тұрған «Асау үйреткен бала» атты мүсіні де осы мөлшердегі бағаға жасалыпты. Құралайдың мүсін жасаудағы бір ерекшелігі дәнекер қолданып, мүсінге қажетті темірді де өзі иеді. Мүсін жасау үшін ең бірінші темірлерді бір-біріне дәнекерлеп, қаңқасын құрастырып алады. Құрастырылған қаңқаны темір тормен қаптап шығады. Содан кейін барып ұқыптылықпен цементке араласқан арнайы материалды қолдана отырып темір қаңқаны қаптайды. Әр бөлшегін асықпай жасағаннан кейін мүсінді кептіріп қояды. Әбден кепкеннен кейін қажетті түстермен бояп шығады. Мүсін өнерінің бір қиындығы, бүлінген жерді қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес. Демек, асқан шеберлікті, ұқыптылықты қажет етеді. Ал шеберлік пен ұқыптылық қасиеті сабырлық пен төзімнің арқасында ғана қонады. Сондықтан болса керек, Құралайдай мүсіншілер өте төзімді, сабырлы болып келеді.
Құралай Рахымбаева келер күндері Зайсан қаласындағы ипподромға ұзындығы 104 метр болатындай ба рельеф стилінде ұлттық ойындар бейнеленген мүсін жасап шығуды көздеп жүр. Мұның жобасын жасап, әкімдікке ұсынып та қойыпты. Және де ипподромның маңайына «Теңге алу» атты мүсін жасап шығуды да ойластырып, макетін әкімдікке ұсынған екен. Олай болса, алдағы уақытта ипподром аумағына ұлттық нақышта өң кірейін деп тұр.
Мерей Қайнарұлы
Зайсан ауданы.